Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  105


Автор: Сəбит Бексейіт

Сенімен өткізген күндер-ай...

Алатау мен Арқаның бақтарынан,
дастан болып, жыр болып ақтарылам,
әттең, бiрақ орала алмаймын-ау,
сенiменен өткiзген шақтарыма?!
Ыстық жанар өзгеге қаратылған,
асау жүрек өзгеге жаратылған;
гүл кешудiң кешегi, жыр кешудiң
қалған бүгiн соңында қара тұман…
Сонда-дағы, сонда да, сонда-дағы,
көз алдымнан кетпейдi алма бағы,
өкiнiштi, қайтейiн, өкiнiштi –
ақ құсымның қолыма қонбағаны.
Естен кетпей қойды ғой сол қылығың,
ешкiмде жоқ өзiңдiк төл қылығың,
ақтарамын санамның киноархивiн,
сол сәттегi сезiмнiң толқыны – мұң…
Сәре мұңмен басталып, сәске мұңмен,
көкiректен қыстығып жас төгiлген,
өң-түсiмдi елес пе ең кезiп жүрген,
жан-жүректi өксiткен естелiк пе ең?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу