Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  148


Автор: Сəбит Бексейіт

Шалқар мен шағала

Ұйықтап жатып түс көргенде түнде мен,
Қуанамын
табылғандай бiрдеңем…
Табылады
табынатын сол бiр жүз,
Сол бiр шуақ, нұрлы жанар, гүл-денең…
Егiлемiн, ұйықтап жатып егiлем,
Өзiң жоқсың,
жыр жазып тек емiнем.
Дүниенi танымақ ем,
Өзiңдi –
Махаббатты танымадым… Не бiлем?!..
Жасыратын сырым емес түсiмде,
Мейлi түсiн, мейлi менi түсiнбе:
Көз жұмғанша сүйем сенi, аяулым,
Өтем сенi бейнелеп мен, мүсiндеп…
Жасыратын сырым емес өңiмде,
Ғажап сурет тұрар дәйiм көңiлде:
Мен – шалқармын, еркелеткен еркемдi,
Сен – шағала, көлбеп өткен көгiмде.
… Өттi уақыт… сүйем сенi мен әлi,
Ұмытылмас Ай жүзiңнiң мең, әрi…
Мен жеңiске жете алмадым,
Алыс та,
Асыл бейнең – Махаббаттың медалi!
Өтсiн уақыт!
Сүйем сенi әлi мен,
Өтедi өмiр өзiнiң мәз сәнiмен…
Жарасымды сұхбаты аз ба жiгiттiң,
Ал Сен – менiң қайталанбас Әнiм ең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу