Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  92


Автор: Сəбит Бексейіт

Бір түңіл

Үш жүз және алпыс алты күн-түнiң
Вахтасындай күрсiнiс пен күлкiнiң.
Тiрлiк болса соның көбi уәйiмсiз,
Өмiрiңнен адам болып бiр түңiл.
Түңiл, ақын, тумаса егер жыр дүрi,
Естiлмесе жүрегiңнiң дүрсiлi.
Түңiл, диқан, тамшылардан дән күткен,
Үнсiз кетсе нажағайдың күркiрi.
Сен де, атбегi, қалып қойса дүлдүлiң,
Сен де, бағбан, сайрамаса бұлбұлың.
Түңiл, сұлу, тайса пiрiң сертiнен,
Түңiл, жiгiт, күлмей кетсе нұр күнiң.
Түңіл, достым, кешсең тірлік бейбаян,
Шалыс басып, оңалмаса кей қадам.
Түңіл де, үңіл жүріп өткен жолыңа,
Бармақ тістеп жүрмеу үшін қайтадан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу