Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  94


Автор: Индира Кереева

Қарындас сөзі

Аға...
Қарындасыңның сұра жайын...
Көздеп жүр ем
Арманның құралайын;
Сонда бірі демеді,
сүйеу болып,
Күліп тұрып тілдеді
бір ағайын...
Бойжеттім бе?
Ойменен теңесті күн...
Құлыншақ ем...
Бәрі де елес бүгін.
Барлық жанды өзімдей көре беру,
Білдім, Аға...
Қажет те еместігін...
Тілеулестер
жан салып ара тұрды,
Содан кейін
бойға нұр таратылды.
Аға?!
Неге құштар біреулер
қақтырмауға,
Әлі беки қоймаған
қанатымды.
Адамдардан,
қоғамнан түңілдіріп...
Әлдекімдер келеді сүріндіріп
Жаңа басқан балапан қадамымды...
Аға?!
Айтшы,
жеңе ме түбінде Үміт?!
Біреу мақтап тұрса да
күнә атағын;
Білсем де кеп
жақынның жылатарын;
Бұл Өмірді сонда да
ұнатамын...
Аға...
Қарындасыңның сұра халін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу