Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  85


Автор: Индира Кереева

Тост

Тек бақытты тілер едім...
Болмайды!
Байлық тілей беру –
миға қонбайды...
Не тілейін, жаным,
саған дәл бүгін?
Не айтайын...
(Болды маған сол қайғы...)
Екеу едік...
Жолымыз да бір дедік!
Бірге сезім бақшасында
гүлдедік...
Мен туралы
сен досыңа сыр айтып,
сен туралы
жазып жүрдім күнделік...
Бастап тұрсам
жылауықтың тағы әнін,
Кешір, күнім...
Жаза алмаймын жаңа мұң...
Сен әскерге аттанатын болдың да,
Студенті атандым мен қаланың.
Екеумізде болмай мүлде
тілек кем,
«Күтемін» деп
уәде беріп жүрекпен.
Апта сайын
хат келетін әскери,
Балаң жігіт
күлімдейтін суреттен...
Сенсіз өткен
әр күнімді жыл деумен,
Күндер жатты
алмасып көп түндермен...
Суретіңмен
жұбанатын едім мен,
Жараласа
«Аңсау» атты сұр мерген...
«Екі жылы
екі күндей өтед(і)» деп,
Сағынышты басатынмын
тек ептеп...
Зарықтырып
сен де келдің бір күні,
Аяғы ауыр қалыңдықты
жетектеп...
Күттім сені...
Керегі не өкпенің?!
Назым саған айтар, жаным,
көп менің...
Тойыңа кеп
тост айтатын «құрметке»
ие болам деп пе едім...
...дедім. Сосын есік жаққа беттедім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу