Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  104


Автор: Индира Кереева

Сен үшін...

Сені аңсамай жүретін кезім бар ма?!
Аманаттап аппақ мұң,
сезімді Арға…
…Өмір үшін несіне өкінейін,
Өлең болып келетін өзің барда.
Өзің барда…
Көңіл де еш күрсінбейді;
Көшеде Күз
мұңайып тұрсын, мейлі!
… Сеземісің,
кеудемде бір құдірет,
«Өлең болам мәңгі» деп
дүрсілдейді…
Өзің барда…
Анық қой ерке екенім;
Есер едім.
Бұзық ем.
Тентек едім…
… Сезім үшін,
Сен үшін
Өмірде енді,
Өлең болып өтуге серт етемін!
Көзі аққанша жыласын
жырымда Мұң,
Өмір сүрем сен үшін,
ұғын, жаным!
Келмейді өлгім…
Себебі қаламаймын,
Саған ынтық көздердің жұмылғанын!
Тағдыр жаққан қақталып отқа да мың,
Мен өзіңді бермеймін жатқа, жаным;
… Келмейді өлгім…
Себебі қаламаймын,
Сені сүйген жүректің тоқтағанын!
Артып тастап әредік
Арға мінді,
Аттанамын алысып жолға мұңды.
Келмейді өлгім…
Себебі қаламаймын,
Сенің жалғыз Өмірде қалғаныңды..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу