Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  167


Автор: Дулат Бабатайұлы

Ертеңінде ертемен

Ертеңінде ертемен
Қару-сайман сай болды.
Топтан таңдап алғаны
Ақбөртедей тай болды.
– Танылар тұлпар желіден,
Ер танылар бесіктен.
Таңдап алған тайыңды
Көрсет, – деді атасы, –
Көлденең тартып есіктен.
Таңдап алған Ақбөрте
Ұнап кетті қартыңа,
Үш мәрте шықты да
Бөртенің алды-артына:
– Жарайсың, – деп, – шөберем!
Батасын берді сарқыла.
(Күншілдер тұр күлісіп
Жете алмайтын парқына).
– Шын тілеуім, шөберем,
Сапарыңды оңдасын,
Ғайып ерен қырық шілтен
Әулие жар боп қолдасын!
Танып апсың, қарағым,
Өмірлік Бөртең жолдасың.
IV
Атасына қош айтып,
Еспембет ердің кеткені.
Туған ел, туған жеріне
Өксіп келіп жеткені.
«Елсізден шыққан кісідей
Тайға мініп келді», – деп,
«Ұялмай көрді елді», – деп,
«Ұялмай қалай берді», – деп,
Құлағына кірмеді
Ағайынның сөккені.
Мұны айтқанның бәріне –
Жасы менен кәріге
Ішінен жиды өкпені.
Қүрмет алмай, кем тұтты
Ағайын-туған, жақындар,
Он қайырып бір сөзін,
Әсіресе қатындар.
Туыс қадірін білмейтін
Жақында да жақын бар.
Туыстай тілер бағыңды
Жақыннан артық жатың бар.
Үш жыл болды келгелі,
Ақбөрте бесті шығады.
Ерен ер мен тұлпарды
Кім жасырып, тығады.
Сәтімқұл биге ас берді
Көксаланың бойында.
Ақбөртені сол асқа
Қосам деген ойында.
Сауын айтып жиылған
Төрт арыстың баласы.
Бақанас пен Көксала
Халыққа толды арасы.
Ac шығынын көтерді
Құлманбет пен Жанғұлы.
Асты билеп меңгерген
Екі елдің жүйрік даңғылы.
(Қозы орнына тай сойып,
Асықтай атты жамбыны).
Дариға, онда қазағың
Бұзылмаған қаймағы.
Тасы өрге домалап,
Өзі келген қайдағы.
Қара қазық басына
Қарақшы туын байлады.
Кіреші шығып әр топтан,
Шығарып атты айдады.
Бас бәйгесі – жүз тайлақ
Солқылдаған өркеші.
Мандай алды келеді
Еспембеттің Бөртесі.
Шақырып алып Еспембет
Ақтамберді қолбасын,
Бес Сыбанның ұлына
Ортаға салды олжасын.
Жүз тайлақтан есептеп
Біреуін де алмады.
«Ердің сыйы» деседі
Ортаға олжа салғаны.
(Бір шағым от барлығын
Елі сонда аңдады).
Еспембеттен Бөртенің
Бұрын шықты атағы.
Ақбөртеге қызығып,
Біреу қойын қосақтап,
Біреу қысырақ матады.
Жан серігі Бөртені
Дүниеге неге сатады?!
Тірі болса Еспембет,
Алыстан тілеп тоятты,
Түзден дәмді татады.
Ерге күрең ел қайда
Наймандай жайған қанатын –
Тарбағатай, Алатау
Екі таудың бөктерін
Қанатын жайып алатын?
Ауызбен айтып жеткізбес
Сәні менен санатын;
Тұнық көлдей толқыған
Тоқсан мың жүзіп қанатын;
Ол шеті, бұл шетіне
Тұяқ тозып ат жүрсе,
Құс қанаты талатын.
Найманның ту басшысы
Байжігіт ер Қабанбай,
Беті қайтпай жасынан
Талай бұзған қамалды-ай.
Қабанбайдың тұсында
Түгендеусіз жылқысы,
Қосақтап қойы саналмай.
Қарт батыры Сыбанның
Ақтамберді,Саббастай,
Айласы мен әдісін
Адам ойлап таппастай;
Алты малта ас қылып,
Белін шешіп жатпастай;
Айбарын оның сұрасаң,
Сырт дұшпаны батпастай;
Беріктігін сұрасаң,
Елін жауға сатпастай.
Қабанбай елге жар салды
Аттанбаққа қалмаққа,
Өксікті кеткен калмаққа,
Елдің кегін алмаққа.
Қаракерей, Матайдан
Өңшең саңлақ жиылды.
Қаншырдай қатып тұлпарлар,
Ерлер тастай түйінді.
Ер жүректі Еспембет
Ақбөртені баптады,
Сары ырғай садаққа
Терісінен бұғының
Адырнаны таққаны.
Алмас қылыш асынып,
Еменге найза саптады.
Басталар қашан соғыс деп,
Асығып, тыным таппады.
Белін шешіп жатпады,
Түнде кірпік қақпады.
Ерлік қысқан кеудеге
Ішкен асы батпады.
Қамын жеген қазақтың
Батырдың сарқыт ақыры –
Туын тікті Сыбанның
Ақтамберді батыры.
Ауылдан шығып ат қойып,
Аруақтап ұран шақырды.
Жөңкерілген қалың қол
Жүйткіген желге ұқсайды;
Көрінісі кей кезде
Толқыған көлге ұқсайды;
Мұнар түнеп, бұлт көшкен
Асқар белге ұқсайды;
Кенетінен ду етсе,
Тас қопарып, тау бұзған
Аққан селге ұқсайды.
Ақтамберді, Қабанбай –
Алдындағы көсемі.
Келелі сөзге Сасан бар –
Жібермейтін есені.
Еспембеттей ер жүрек
Қолмен бірге келеді.
Toп «шу!» десе,
Алдынан құйын оратып,
Бөкендей орғып желеді.
Еспембет ер сұңқардай
Алыстан тоят тіледі.
Орынсыз сөз сөйлемес
Батагөй қарттай сінелі,
Міндетінен бас тартпас,
Айтқызбай-ақ біледі.
Сыр бермейді сырттансып,
Кежегесі тартып тұр
Бейне арыстан түлегі.
Толқынды топ кездесті
Шебін құрған қалмаққа.
Тебінгілес тең жауды
Тегіндікпен алмақ па?!
Айла-әдісі тең жауы,
Бір салыспай қалмақ па?!
Бозаша бойын түзесе,
Буыршын шөгер шаңдаққа;
Қарт бура қарсы шабынса,
Қас батыр қару тағынса,
Әкпіш те тұлпар иілсе,
Қыран көктен түйілсе,
Анталаған аштардай
Ажал да жетер аңдап та;
Серт қылыштың жүзінде,
Бұрылмас мойын жан-жаққа;
Серт найзаның ұшында,
Айласын тап, алдатпа!
Айласынан адассаң,
Қан майданда қала бер
Қаныңды жұтып, шаң қап та.
Қарсыласып екі топ,
Іріктеді батырды.
Қалмақ соғып дабылды,
Қазақ ұран шақырды.
Айбаты өсіп ерлердің,
Арыстандай ақырды.
Иығы түсіп ездердің,
Қоярға жанын жер таппай,
Арман көріп, аһ ұрды.
Қалмақ шықты майданға
Шамасы елу жастағы,
Астына мініп әлемдеп
Мақпалдай қара қасқаны.
Ерлігі елең қылмайды
Бір өзінен басқаны.
Қайырымсыздығы талайдың
Жонынан алған таспаны.
Кір басқан құлаш айдары,
Аждаһадан кем емес
Аузын ашқан айбары.
Алты жүз кірген соғысқа,
Алпыс алты айлалы.
Алты қару асынған –
Айласының айғағы.
Жекпе-жекте өлтірді
Жүрелете сегізді.
Қазақты қамап қамалға,
«Кім шығар бұған?» дегізді.
Тоғызыншы ер шықпақ
Ақтамберді, Саббастай,
Ол болмаса әдісін
Басқа қазақ таппастай.
Жетіп келіп Еспембет:
– Ақтамберді ер, – деді, –
Мен барамын сіз үшін,
Кезегіңді бер, – деді. –
Жас санама, бас сана,
Қайратымды көр, – деді.
Ақтамберді карт батыр
Қол жайып бата бергені.
Топтан шығып жөнелді
Найзаға таққан шоқтай боп;
Ақбөрте кетті қүнтиып
Садақтан тартқан оқтай боп;
Қанға сусап қалмақ тұр
Обатұғын оптай боп.
Еспембет келе сөйледі,
Ерлікке сай қайраты,
Қаруға сай амалы:
«Сен – қалмақтың қабаны.
Қарсыңа қалай жіберді
Қазақ саған баланы?
Қазақ сені қорлады,
Баладан төмен санады.
Жігерің болса, қайраттан,
Баланы саған балады.
Ағаштан жұлып алмадай
Басыңды бала алады».
Ашуланып, қалмақтың
Түгі шықты сыртына.
Тістегенде тісінің
Қаны толды ұртына.
Көз шыдап қарап тұрмастай
Қарағанда сұрқына.
Қамшы тиді тұлпарға,
Қылыштары жарқ етті.
Қабағыңды қаққанша,
Жарқ етті де, сарт етті.
Бірінің жанды еңбегі,
Бірі күшін сарп етті.
Дене қанға боялды,
Қанқұмар қылыш қарш етті.
Қас қаққанша майданда
Айқасқан екі ер де жоқ,
Қара жер жатыр қайыспас,
Жұтса, тоймас қанға оп.
Дене жатыр майданда
Қылышпен басы кесілген.
Өлімге мойынсұнғандай,
Аяқ-қолы көсілген.
Тіршілік пен өлімнің
Ұзақ дауы шешілген.
Елеуреген екі топ
Майданға тіккен көздерін,
Жүз кайтара қайталап
Бір айтып кеткен сөздерін.
Қандары шапшып кайнады,
Өздері де білмейді
Не билеп тұр өздерін.
Ел үшін туған ерім деп,
Бір топ келіп жыласты.
Еліме қатер жауым деп,
Өлгенін бір топ ұнасты.
Күні туып бір топтың,
Қуанышы шың асты;
Түні туып бір топтың,
Үстінен кейіс, мұң басты.
Қарақасқа қосарда,
Қалмақтың басы белінде,
Бақ құсы қонып басына,
Еспембет келді еліне.
Ер Қабанбай ту байлап,
Арқар таң атты борбайлап,
Ақтамберді айғайлап,
Қалмаққа кірді желіге.
Қарқ олжаға батысты,
Қалмақты жеңіп қалың қол.
Ит ырғын да көл-көсір,
Бақыршы тоқ, олжа мол.
Еспембеттей ер ұлын
Елі сонда таныған.
Бет бұрып тізгін тартқан жоқ
Жаудың мың мен санынан.
Өле-өлгенше ел болды
Еспембеттің арманы.
Өзімен бірге жасады
Астындағы тарланы.
Бәрін айт та, бірін айт,
Еспембеттей ер қайда?
Еспембеттей ер туса,
Ер күтетін ел қайда?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу