Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  163


Автор: Дулат Бабатайұлы

Пайғамбардың ұлын айтар он бір деп,

Пайғамбардың ұлын айтар он бір деп,
Молдалар кітап оқиды
Аяқ жағын дәл-дүл деп,
Аңқауды айтар ар-гүр деп,
Арамзаны айтар көлгір деп.
Көргенсізден қыз алсаң,
Үйіне қонақ қонғанда,
Баласын ұрып қарғайды:
«Жасыңа жетпей өлгір!» деп.
Нәсілсіздің баласы
Ауылдың тыншын алады,
Соқыр қаздай әңкілдеп.
Бай адамның баласы
Он төртінен толысып,
Түрленіп туған аймен тең.
Жарлы адамның баласы
Боран күнгі таймен тең.
Орыны жоқ жаманға
Есіктің алды төрмен тең;
Жаманнан көрген қорлығы
Көкіректен кетпес шермен тең.
Басшысы кеткен ауылдың
Артынан жақсы шықпаса,
Өртеніп кеткен жермен тең.
Томырықтың мінезі
Мұздап тұрған ағаштай,
Сыйласпаса ағайын,
Атасы басқа алаштай.
Мейірім кетті, жұрт, сенен
Бар-жоғыңа қараспай.
Бас алқасы кеткен соң,
Бас-басына би болар,
Айтқан ақыл жараспай.
Жарлыға жалғыз ат бітсе,
Шұнақ болар құйрығы.
Ырыссыз туған сен қу деп,
Бір-бірінен көреді,
Ол бейшара ұқпайды –
Бәрі құдай бұйрығы.
Жақсы болса алғаның,
Қызығы болар қызбен тең;
Тәттілігі түзбен тең,
Жаман болса алғаның
Кірсіз көйлек кигізбес,
Жаныңа пайда тигізбес,
Астыңнан өткен сызбен тең.
Шығыс, Батыс бірдей жау,
Алды – игілік, арты – дау,
Шыр айнала тас қамау,
Сергелдең жорық қан талау,
Алды игі, арты қайырсыз
Жер болғаның құрысын!
Суынды сенің татты да,
Өтірік-өсек бақты да,
Айырмай қара-ақты да,
Биің болды парақор!
Антты судай сіміріп,
Көз қысып, ерін жымырып,
Пәтуа жоқ, шын да жоқ,
Баққаны ылғи сұмдық боп,
Ағайын болды жалақор.
Ту ұстап ерің қалмады,
Шерге айналды арманы,
Аш бүйіріңнен қадалып
Орыстың салған қармағы.
Барар жер, басар тауы жоқ,
Тайы болдың таңбалы,
Құлақкесті құл болды
Қасқа мен жайсаң, саңлағы.
Бай малына сүйеніп,
Нашарға түсті салмағы,
Иен далаңды шаңдады,
Еліңді езіп қандады,
Сырғалыңа сұқтанды,
Жеріңе орнап нықтанды.
Дақсызына дақ салды,
Басындағы бақты алды,
Ойланбайсың біреуің,
Енді алмаған нең қалды?!
О, бүл күнің де күн екен!
Ендігі күнің мұң болар,
Аталының арты азып,
Әумесер тентек жын болар.
Жапырақты шынарың
Сояуы қалып сұм болар.
Жеріңді алар тіліктеп,
Мүшеңді санар жіліктеп,
Айналаңды кілттеп,
Ел қамын жеген еріңді
Қойдай сояр бөліктеп.
Қаларсың иен сен, Арқа,
Тарыларсың, кең Арқа,
Көксеп келген қазіретің
Шұбырындыға ұшырап,
Күңіреніп қайтар, күліп кеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу