Өлеңдер ✍️

  22.05.2022
  316


Автор: Дулат Бабатайұлы

Алладан сұрап иманды...

Алладан сұрап иманды,
Рәжим шайтан лағыңды,
Алдайын деп жүр еді
Аңдып жүріп ойыңды.
Алла жәрдем бермесе,
Қашпақ ойдан қиынды.
Үмітім бар құдайдан
Сақтай ма деп пәледен,
Ақыр заман баладан,
Залым туған анадан.
Мұны жазған Дулатты
Тастамаңыз дұғадан.
Көкірегінде санасы,
Тар лақатқа кіресі,
Ата-ананың ақылы
Қазылған қара жолмен тең;
Ағайының көп болса,
Ұлы шерік қолмен тең;
Қарсы келсе кәрілік,
Жайып қойған тормен тең;
Жақсының жары сұм болса,
Қазып қойған көрмен тең;
Орнын білмес жаманға
Молдадан сабақ алсаңыз,
Алуа шекер, балмен тең;
Пайда жоққа жалынба,
Жемқор семіз малмен тең;
Шежіре туған адамның
Көкірегі сызған хатпен тең;
Парақор болған төрелер
Қуаңнан шыққан өртпен тең;
Жетесі жаман бос бала
Тоқсандағы шалмен тең.
Төре деген халқыңыз
Саудасы біткен сартпен тең;
Айтқан сөзі ақымақтың
Адам ішпес сумен тең;
Кей жаманның тілі бар
Ауырлығы умен тең;
Жақсы жолдас болмаса,
Жары биік таумен тең;
Дәулеті басым байларың
Көкірегі алтын сумен тең;
Қайратты болса ұлығың,
Көлде жүзген қумен тең;
Жақсылардың ақылы
Кәуһар шырақ шаммен тең;
Жақсының көрген жарығы
Анық атқан таңмен тең.
Жамандар сөйлей білмейді,
Жөніне тыныш жүрмейді,
Ұлығыңның алдында
Ажалы жеткен аңмен тең.
Кейбір жақсы хош болса,
Халық сөзін бұзбайды,
Оның өзі, жігіттер,
Қара басы ханмен тең.
Ауылыңда бай болса,
Ішкені қымыз, шәй болса,
Жақсылық көрсең, жараңдар,
Бұлттан шыққан күнмен тең.
Кейбір жаман болады,
Жиылған топты көрмейді,
Оның өзі, жарандар,
Бұғып өскен тазбен тең.
Екі жақсы кез болса,
Шапқан аттай жарасар,
Оның өзі, жігіттер,
Аз болса да, көппен тең.
Екі жаман кез болса,
Құтырған иттей таласар,
Оның өзі, жігіттер,
Бар болса да, жоқпен тең.
Бір үйде өскен балалар
Бірлік қылса азар ма?
Бір-біріне жақсы сөз –
Оның өзі сыймен тең.
Білген кісі азар ма?
Тәубесінен жазар ма?
Білгенін түзу кім етсе,
Қара басы бимен тең.
Аласа мен биіктің
Таразысын кем тартса,
Төрде отырған қазылар
Адам жемес маймен тең.
Ата-анасы бар болса,
Ағайыны көп болса,
Бәрі де тату болғанда,
Қорғаны бар үймен тең.
Халқың тегіс болмаса,
Жақсыны көзге алмаса,
Камзол кисең жараспас,
Қарапайым сөзбен тең.
Бір жаманға сөз айтсаң,
Құлағына кірмейді,
Не айтқанын білмейді,
Қарсы тұрған ормен тең.
Дәулетті болса аймағың,
Бір пәлеге жолықсаң,
Көлденең жатқан алдыңда
Таудай биік таспен тең.
Нәпсіге ерген молдаңыз
Кітапты жақсы білмейді,
Кітап ұстап айтқан соң,
Жалған сөзі шынмен тең.
Жаман болса тамырың,
Бергеніңе тоймайды,
Сұрағанын қоймайды.
Жақсы қатын алсаңыз,
Ептілігін білдірер,
Ерді өзіне көндірер,
Ұжмақтан шыққан нұрмен тең.
Жаман катын алсаңыз,
Жамандығын білдіріп,
Ерінің қуатын өлтіріп,
Маңдайға біткен сормен тең.
Ендігінің ұлығы
Ақсап жолдан қалған соң,
Ақыл сұрай кім барсын?
Көшіп кеткен жұртпен тең.
Жаман болса ұлығың,
Аш-арығы оңалмас,
Жүрты бірлік қыла алмас,
Іштен жеген құртпен тең.
Бірлігі бар адамдар
Айтқан сөзге көнеді,
Сабырменен жүреді,
Оның өзі нармен тең.
Молдадан сабақ алыңыз,
Иманды жақсы біліңіз,
Мен есіттім кітаптан,
Ғақыл, иман нұрмен тең.
Жаманға айтқан ақылың,
Кітаптан көрген нақылың
Құлағына кірмейді,
Аса соққан желмен тең.
Өсиетім байларға –
Көп қуанба малдарға,
Кетеріне келгенде,
Киімге жұққан кірмен тең.
Атадан жаман ұл туса,
Бір де емес, он болса,
Көбі оның не керек?
Он да болса, беспен тең.
Жақсыны жалғыз демеңіз,
Ойлап тұрсаң, жарандар,
Бір де болса, онмен тең.
Мал – дүниенің опасы,
Иман – жанның сапасы,
Ауыздағы иманың
Раушан болған нұрмен тең.
Мынау жалған дүние өтер,
Ажал, өмір тез жетер,
Ойлап тұрсаң дүниені,
Бір күн өткен түнмен тең.
Он екі мүшең саудырап,
Екі көзің жаудырап,
Әлі-ақ өтіп кетерміз,
Еріп кеткен тоңмен тең.
Балдан тәтті ғазиз жан
Бір күншілеп қалатын,
Шыбын жанның кетуі –
Ұшып кеткен құспен тең.
Бұл заманның жақсысы
Бірін-бірі көре алмас,
Жұртына пайда қыла алмас,
Бір-біріне жаумен тең.
Жетім менен жесірлер
Бір тыныштық көрместен,
Бұл заманның достары
Бір-біріне өшпен тең.
Қайраты кімнің бар болса,
Қорықпайды жаманнан,
Оның өзі, жігіттер,
Жеке басы көппен тең.
Асылы кімнің жоқ болса,
Қолындағы малына
Ие бола білмейді,
Өлең жасық шөппен тең.
Кей адамның мінезі,
Жақсыны танып біледі,
Оның өзі, жарандар,
Жарлы да болса, баймен тең.
Бай кісінің баласы
Ақылы болса жарайды,
Көңілменен көреді,
Бұлтсыз түнгі аймен тең.
Көп жаманның ішінде,
Бір жақсысы болмаса,
Байқап тұрсаң, ағалар,
Серкесі жоқ коймен тең.
Жарлылардың баласы
Ақыл-есі болмаса,
Қорбиып тұрған бір байғұс,
Өлі жүнді таймен тең.
Бәйбішенің жақсысы
Аузынан май ағады,
Қарап тұрсаң сабазға,
Былқылдаған маймен тең.
Жүрген жері жақсының
Күнде базар, мереке,
Түніменен қой сойып,
Ат шаптырған тоймен тең.
Алғаның жақсы жолықса,
Қадіріңді біледі,
Көйлегің таза жүреді,
Қарт болса да, жаспен тең.
Кей жаманға мал бітсе,
Не сөйлерін білмейді,
Сөзге сабақ бермейді,
Шарап ішкен маспен тең.
Жақсылардың баласы
Әрбір істі біледі,
Молдадан сабақ оқиды,
Он жасында баспен тең.
Бір жаманның баласы
Оқымай-ақ қалады,
Қайырыңды білмесе,
Өзі пайда қылмаса,
Бір ақыл жоқ байғұста,
Жиырмада жаспен тең.
Тапқаныңды жеп қойса,
Туысқаның жатпен тең.
Ақылың кімге жараса,
Туысқаның сол болар.
Аға-ініңнен ол жақсы,
Құшақтасқан доспен тең.
Алғаның жақсы жолықса,
Ол барында қыз неге?
Оның өзі, ағалар,
Халыққа болар қызбен тең.
Алғаның жаман жолықса,
Басыңа салған дау болар,
Жаныңа пайда тигізбес,
Таудан бұлар ауыр тас,
Ғафилаңды киім кигізбес,
Күнде пәле ойлайды,
Ұрыстан шыққан жаумен тең.
Қатын десең үндемес,
Күнде көңілің қалады,
Бір қалған соң еміренбес,
Қаңтарда қатқан мұзбен тең.
Ақылы болса қыз бала,
Анасын тыңдап жүреді,
Оның өзі жеңгетай,
Қыз да болса, ұлмен тең.
Баяпыр болса қатын-қыз,
Ол қыздардан безініз,
Оның өзі анадай,
Бәйгіде болған таймен тең.
Жақсыдан алған ақылың,
Пайдасы оның көп болар,
Сатып алған базардан
Қызыл алтын бұлмен тең.
Ұяты жоқ адамға,
Ақылы жоқ наданға
Шынын айтсаң, иланбас,
Өтірік сөзің шын болар.
Жамандар даулы болғаны,
Қане жұрттың оңғаны?
Жақсының тал бойына,
Мұндай істер мінмен тең.
Жарлы да болса кей жақсы,
Жабырқауды білмейді,
Кісі ғайыбын көрмейді,
Қара бұлан нармен тең.
Ай, азамат, тату бол!
Әлі-ақ көзің жойылар,
Мынау жалған дүниеңіз
Батып кеткен күнмен тең.
Ер қанаты ат болар,
Жаяу адам мәрт болар;
Жүйрік кімде бар болса,
Ұшып жүрген құспен тең.
Пайдасы жоқ дүние
Қай күн өтер біліңіз,
Мың күн көрген ғұмырың
Ұйқыда көрген түспен тең.
Ай, күн өтіп барады,
Адам ғафыл қалады,
Бұл сөзімді тындамас,
Бауыры оның таспен тең.
Қияметті ойламас,
Нәсихатты тыңдамас,
Оқып алса керек сөз,
Алдында тұрған балмен тең.
Бұл заманғы адамның
Көкірегінде қонақ жоқ,
Әуре демей, не дейміз,
Дүние солай болған соң?
Екі қолын қусырып,
Үлкенге қызмет қылады,
Әдепті демей, не дейміз?
Жақсыдан ақыл білген соң,
Хас мұсылман адамдар
Таң намазын қылады,
Абыз демей, не дейді?
Шалы орнынан тұрған соң,
Бұл заманғы адамды
Жалғаншы демей, не дейміз?
Аузынан шыққан сөзінің
Баяны жоқ болған соң,
Мына жалған дүниені
Бір күнгі демей, не дейміз?
Алдап барып алады,
Сараң демей, не дейміз?
Ғарып пенен қасерге
Қайыры жоқ болған соң?
Ұл атадан ұялмас,
Қыз анадан ұялмас,
Ана қызын тия алмас,
Абыройы жоқ болған соң.
Ер қанаты – жүйрік ат,
Жүйрік демей, не дейміз,
Бәйгеге қосып салғанда,
Озып бәйге алған соң?
Ақылы шолақ адамзат,
Жақсылыққа қылсаңшы?!
Ер сарғайып қартаяр,
Уайым-қайғы көрген соң,
Жамандықты қойсаңшы,
Аямай-ақ жамандық
Қанын төксең болмай ма?
Өзі жаман болған соң,
Үйінде тірі қойғанша,
Өлтіре ұрса болмай ма?
Өз пайдасын білмейді,
Ақылы шолақ болған соң,
Достық қылған жаманға,
Көкірегіне кірмейді,
Жамандығын білер ол
Ахиретке барған соң;
Махшар күні болғанда,
Сауал сұрай келгенде,
Жауап таппай тұрғанда,
Тар лахатқа кірген соң;
Қас жаман сол болар,
Намаздығын білмейді,
Білсе білер өлгенде,
Тәңір алдына барған соң.
Сонда бір қас, дұшпанды
Дұшпан демей, не дейміз?
Жақсы екен деп ойлама,
Хан асылықты қылған соң.
Әрбір ойда жүрер ол,
Жұртқа бүлік салар ол,
Жақсылар жолдан азар ма,
Ниеті жақсы болған соң?
Мақұл сөзін бас көріп,
Тентек сөзін қош көріп,
Жамандармен іс қылып,
Ниеті жаман болған соң.
Өнер алды – қызыл тіл,
Мынау сөзді жақсы біл,
Тілің сөйлей білмейді,
Өнері жоқ болған соң.
Аймағың сенің бір болса,
Ала болып тұрмаса,
Жаманға жұртын білмесе,
Орының мықты болған соң.
Жақсы тілді ділмәрді
Шешен демей, не дейміз,
Кісінің сөзін байқап ол,
Жауап тауып айтқан соң?
Жақсы болған батырды
Батыр демей, не дейміз,
Кіріп жауды алған соң?
Қиын дейді билерге
Шариғатты аударса,
Ғаділ демей, не дейміз,
Төрені дұрыс берген соң?
Жақсы болған қазылар
Қара қылды кақ жарар,
Оларды естен салмаңыз,
Сондай-ақ ғаділ болған соң.
Қорған caп биік қылса,
Көңліменен ел қылса,
Құдай жақсы көрер ме,
Шариғатты бұзған соң,
Имансызға бейіш жоқ,
Имандының көңілі тоқ,
Разы болып құдайға,
Қажылықты қылған соң,
Сол бір жолан жігітті
Жолан демей, не дейміз?
Су тілесе жігіттер,
Сары майды берген соң.
Кейбір жаман білмейді,
Дүниеде құдай мал берді.
Ақ айран ашымайды,
Аузы майға тиген соң.
Көкірегі ашық ақынды
Ақын демей, не дейміз,
Кітап асыл сөзін жатқа алса,
Баласына оның білген соң?
Оқи білген молдалар
Санасын біліп мақтанса,
Бейішке кірген мақтансын
Иманды болып өлген соң.
Күнәдан аузын сақтаса,
Әулие демей, не дейміз,
Жақынына бұрылмай,
Тура сөзін айтқан соң?
Жақсыға өлім сол болар,
Уағдасында тұрмаса,
Жігіт кәміл бітер-ді,
Тәңірім өзі берген соң.
Қиямет күн болғанда,
Таразыны құрғанда
Сонда халің не болар,
Тәңірім қазы болғанда?
Азырақ демің аларсың,
Мұхаммет атты пайғамбар,
Сололлаһи ғалайһи уассәләм
Шарафатын қылған соң
Бұл заманғы билерге
Ахиретте не болар?
Қиын демей, не дейміз,
Шариғатты сатқан соң,
Адамға кеңес не керек?
Бұл сөзімді аңдаса,
Біразырақ сөйледім,
Тәңірім біраз берген соң.
Жақсы болған төрені
Жақсы демей, не дейміз,
Ғаділ демей, не дейміз,
Бөрін бірдей тең көріп,
Жұртын түзеп тұрған соң.
Ғаділетті сол болар,
Сауап ішіп іс қылар,
Қол астында халқының
Бәрін бірдей көрген соң.
Ахиретте cayaп жоқ,
Алдап ұрар дүние боқ,
Бай кісіні қадірлеп,
Жарлыны кем көрген соң,
Елде болған иманды
Иман демей, не дейміз?
Жиылған топқа бармасаң,
Ерініп үйде қалған соң,
Жамандар жақсы болар ма?
Тәңірім жолға салмаса,
Жамандардың әдеті
Өзін ұлық көрген соң,
Рас жаман сол болар,
Өзге адамды қор көрер,
Сонда білер жаманың,
Жан шығара келген соң.
Білгендердің айтқаны
Көкірегіне кірмейді,
Өз пайдасын білмейді,
Сүйегі жаман болған соң.
Сол бір жақсы адамның
Мінер аты болмаса,
Қанатынан айрылған
Бүркіттейін болған соң.
Сыйласпаған ағайын
Қарынменен барабар,
Жер жұтқан соң не пайда,
Артында малы қалған соң?
Кәпірге жолдас болмаңыз,
Дұшпандығын білгізер,
Жаламенен күйгізер,
Діні басқа болған соң.
Азырақ қатты сөйлесең,
Соңыңнан ол қалмайды
Доңыздайын жорытып,
Атасы басқа болған соң.
Жақсысы кеткен ауылдың
Жөнін адам біле алмас,
Меһман келіп қона алмас,
Қыдыр дәулет кеткен соң.
Жақсының топқа барғанда
Мінер аты жоқ болса,
Тұрымтайдан қорыққан
Бөденедей болған соң.
Арғымақ аттай аңқылдап,
Қыран құстай саңқылдап,
Жыршылар топта сөйлейді
Көкірегі даңғыл болған соң.
Қартайғанда мал кетсе,
Әл-қуаты бітеді,
Басынан дәулет кетеді.
Еркін жүйрік шабады,
Екпіні бар дауылдай,
Тарбағатай тауындай,
Дәулеті үлкен болған соң.
Жақсылардың баласы
Жаман болса, жамандар,
Сақалын жұлып жылайды
Әбден аза болған соң.
Кей жақсының мінезі
Еділ менен Жайықтай,
Ағып кетіп сөйлейді
Тілі жүйрік болған соң.
Қазы сүңқар баршамыз
Дәрияда жүзген қайықтай,
Жақсылар топта сөйлейді,
Рақымы мол болған соң.
Бір томырықтың мінезі
Мүздап тоңған ағаштай,
Ағайынның алыспай,
Сыйласпайтын болған соң.
Бүлікті жұрт болмаса,
Байы жоққа қараспас,
Жатқан рахым не болсын,
Бас-басына би болар.
Жақсы атаның баласы,
Салтанатшы патшадан
Рақымы мол болған соң,
Жүрісі тыныш жорғадай,
Алдына келсең кең болар.
Олар неге тарылсын,
Бейілі кең болған соң?
Жұрт жиылған ортада
Мінезі оның артық-ты,
Оқымалды молдадай
Ұстазы оның болған соң.
Көп жамандар жиылса,
Үйінен енді шыға алмас,
Шуылдаған қарғадай
Көп басшысы кеткен соң.
Ақылы бар жақсылар
Жайын жауға білдірмес,
Бұғы менен маралдай
Сабыр, салмақ болған соң.
Ақылы жоқ жамандар
Жынысы қалың аралдай,
Уақыт кетіп барады
Ақырзаман болған соң.
Елдің іші жақсы емес,
Бұл заманғы жақсылар
Бірін-бірі көре алмас,
Ауылың ала болған соң,
Дұшпаның қайтсін күш алмай,
Ылау сұрап, атынды –
Тартып алып мінімді,
Бірлігің жоқ болған соң.
Ай, зар заман, зар заман!
Зарлап өткен су заман,
Артыңа бір қарап кет,
Жақсылар қалған болған соң;
Сөздің басы бисмилла –
Мұсылманның жарығы,
Төрт аяқты хайуан –
Дәулетің сенің болған соң.
Бағасы кеткен жігіттің
Бетінен алар зайыбы,
Бір Алладан басқаның
Көпті қылған ғайыбы.
Әуелгі бай жоқ болды,
Сондағы жоқтар тоқ болды,
Жөн білмеген жамандар
Ел билеген шақ болды.
Көтере алмас билігін
Асқан үлкен кер болды,
Ниетіне қазақтың
Құрылып қойған тор болды.
Жәй-жәйіне жүрмеген,
Бір-біріне көнбеген,
Мынау өткен сұм дүние
Бір орнында тұрмаған,
Еш жақсылық қылмаған,
Ақырзаман болмаған
Деп ойлайды ақымақтар,
Сол себептен қорқамын.
Замана ақыр болғанда
Алуан-алуан жан шықты,
Хайыры жоқ бай шықты,
Самауыр менен шай шықты,
Сауып ішер сүті жоқ
Ақша деген мал шықты;
Мініп жүрер күші жоқ
Тарантас деген ат шықты.
Ат жекпесең жүрмейді,
Үңірейіп тұрады.
Жарлы, кедей, жоқ, жатау
Қатын күнін көреді!
Абуөлхайыр дос жігіт,
Уағдасына төз жігіт,
Бары болса аямас,
Қолы сондай бос жігіт,
Берем деп уағда қылмайды,
Сонда да қауымды қоймайды,
Қасына келіп ол тұрса,
Қадіріне қимайды.
Мырза деген Ибраһим
Ат берем деп бермеді,
Уағдасына тұрмады,
Сөзін қабыл көрмеді,
Менің айтқан бұл сөзім
Қүлағына кірмеді.
Қызметі өткен біздердей
Бұл маңайда бар ма еді?
Иман бір күн өлмей ме?
Кісі хақын білмей ме?
Ақын иман болған соң,
Батыл көзбен көрмей ме?
Жәпекбайдың баласы
Уәде сөзде тұрмады,
Ат берем деп бермеді,
Мені сөзіне алмады.
Тәшмұхаммет баласын,
Тұттым қоян анасын,
Қолым тұтып қоянды,
Үш айналды баласын.
Байекеңнің салалары:
Ахмет, Салих, Құрахмет
Жақсы атаның баласы,
Құдайдан болсын рахмет.
Берем деп уағда қылмайды,
Сонда да құры қалмайды,
Жалғыз басы мың болсын,
Аты өзін тындайды.
Қыс көбейді, жаз аз боп,
Мал таусылды, мал аз боп,
Іні ағаға қарамақ,
Атаға бала ара боп
Кете ме деп жолымыз,
Құри ма деп жөніміз,
Замана тарылып барады,
Сол себептен жылаймыз.
Әр нәрсенің болжауы
Келе жатыр жақындап.
Ағашты тауға үй салып,
Еліңді алды ақылап,
Енді еркіне қоймайды
Буыршындай тақымдап.
Тау басында болыс тұр,
Кәпір сөзін мақұлдап.
Бейшараның бұлы жоқ –
Қорыққаннан қақылдап.
«Қарызға кірген жақсылар
Ашылмасын көзің» деп,
Сол себептен қорқамын
Заманақыр болар деп.
Енді мынау сұм заман
Келе жатыр жақындап.
Тез-тез өтіп барады
Жаз бенен қыстың арасы.
Таңда махшар күнінде
Құрылады таразы.
Залымның қылған күнәсі,
Кәлемәйшәһадет
Тәмәм кітап арасы.
Тәубә-тәфиқ келтірмес
Азғын елдің молдасы,
Өзінің айтқан сөзінің
Тіпті болмас расы.
Құрт-құмырсқа жиылып
Көрде алар мазасын.
Бір пара жанды малды ғып,
Бір пара жанды малсыз ғып,
Бір пара жанды дінсіз ғып,
Бір пара жанды дінді ғып,
Бір пара жанды ғалым ғып,
Бір пара жанды залым ғып
Әуелде жан жаратты.
Мұсылманға бір белек
Өз-өзіне қаратты,
Көпірлерді бір бөлек.
Көргенімді айтайын
Жиырма тоғыз фурқаннан.
Жақсы молда оқиды
Ғарап, фарсы тілінен,
Кітап пенен құранды,
Әр тарихты таратты,
Шариғатын білсін деп,
Мұсылманға қаратты.
Софы аллия кітаптар
Сұрап көрің сорымды.
Кітап сөзін тұтпасақ,
Тәңірім ісі қиын-ды.
Он екі хат шалғыны.
Қияда сұңқар таратты,
Кім мұсылман, кім кәпір
Бір аллаға аян-ды.
Бас бермейін дегенді
Жалғыз жардан құлатты.
Мал бермейін дегеннің
Жалғыз тайын бөрі алды, –
Үстіне шекпен кигізіп,
Ақ таяғын таянтты,
Мойнына қоржын ілгізіп,
Елден тамақ сұратты.
Заман қайтіп түзелсін,
Аға-інісі жат болды,
Бай баласы мінеді
Жазық мойын құр атты,
Жарлы да өліп қалған жоқ,
Бірақ жаяу жүреді.
Оның да көңілін құдайым
Бір нәрсемен жұбатты.
Жалған дүние жалық-ты,
Азғана күн қуатты.
Ажалды тоқыт болса да,
Арын сақтап тұрады,
Ардан кешкен үятсыз
Ойламайды ұятты.
Зар заманның ақыры
Зарлап өтіп барады.
Осы күнде адамның
Бір парасы қорыңдар,
Еш нәрсе жоқ ойында,
Сондай адам зорсындар.
Құдай жоқтар ойында
Ғадет қылар ұрлығын,
Адамға баулар жаласын,
Өнер көріп зорлығын.
Алдағанның несі артық?
Қорықсаңшы Алладан,
Заманақыр болғанда,
Нәфсі жақын баладан.
Тоймай кетсе өкпелеп,
Құда тамыр кетеді.
Аманат кетті баладан,
Қатының түпке жетеді,
Сол себептен қорқамын.
Заманақыр жетеді,
Әсіле ниет қалмады,
Атаға билік тимеді.
Замана жақын болған соң,
Арамзада билік жоқ,
Қай үлкенді сыйлайды?
Елімізде әдеп жоқ.
Заманымыз бұзылды,
Бұрынғыдан заң бөлек.
Ендігінің ақылы –
Отқа түскен көбелек.
Жан есінен адасып,
Ұлықсыған ұл туды.
Жамандық сондай ұласып,
Бұлықсыған қыз туды.
Жарыска кірген жақсылар
Жақынына тартпайды,
Орысқа тартып сөйлейді,
Енді орысқа қаратты.
Екі тату ағайын
Бір-бірімен алысты,
Ағаш атты тізгіндеп,
Арба міндік күймелі.
Көш көрінісі биелі,
Қыстан шыққан түйелі.
Ақылыңды алып тұр
Сары қымыз биелі.
Биге жазған іс болса,
Беті-ауызың күйелі.
Абақты тұр қасыңда,
Қазулы тұрған көріңдей.
Заманымыз бұзылды
Қияметтің көріндей.
Ойлағаныжамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Жамандығы солардың
Өздеріне білінбей.
Сегіз серке терісі
Болады бұтқа шалбарға.
Су түбіне кеткен жұрт
Тал таба алмас қармарға.
Іні ағасын сыйламас,
Ұрып жыртар жағасын.
Арада жаман ұл болса,
Бала қинар атасын,
Алып келер аулына,
Кім аясын, жарандар,
Қызыққан соң параға
Басың сенің қалды ғой...
...Кешкі мезгіл болғанда,
Қызың киер биқасап,
Бозда жүрген бұландай
Үйде тұрмас ойқастап.
Манағының жігіті
Ағашқа керткен иректей.
Бұрынғының қыздары
Қырмызы қызыл жібектей,
Ендігінің қыздары
Құрсауы жоқ шелектей.
Ұл сыйламас атасын,
Атасы бермес батасын,
Старшын болыс қояды
Қайдағы асыл задасын.
Өзі қылған өкінбес,
Күнінде содан тартасың.
Сіз біл деген бала жоқ,
Келіні боқтар анасын,
Сіздер деген келін жоқ,
Өз пиғылыңнан табасың.
Не айтсаң да болмайды,
Тек күнәға батасың.
Енді айтар сөзім жоқ,
Зар заманның аяғы,
Сөзім қалар, өзім жоқ,
Замана кетті манағы.
Мен айтамын бұл сөзді,
Амалым бар ма, шарам жоқ.
Қайсыбірін айтайын,
Сөзім тәмәм болған жоқ.
Өсиетті мен айттым
Әркім оқып көрсеңіз,
Үмітім бар сіздерден,
Дұға қылып қойсаңыз.
Дұға қылып қойыңыз,
Рахым айтып біздерге,
Баршамызға құдайым,
Иман берсін сіздерге.
Разы қылса дидарын
Ұжмақ деген жерінде,
Нәсіп етсе Тәңірім
Өлтірер сені төрінде.
Және көп сөз бар еді,
Тәмәм болды кітабым,
Татам мумин күнәсін,
Жарылғасын құдайдан.
Бұл өсиетті тұтыңыз,
Жақсы қылып күтіңіз,
һәр уақытта оқытып,
Құлақ, ойыңды тұтыңыз.
Ей, жігіттер, азбассыз,
Менің тілім алсаңыз,
Құдай сақтар пәледен,
Хайыр зекет берсеңіз,
Әуел бастан жазыпты
Бабатайұлы Дулат-ай,
Тәмәм тәмәм болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу