Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  174


Автор: Дулат Бабатайұлы

Май, май дейсің, май дейсің...

Май, май дейсің, май дейсің,
Май жесем, көңілім жай дейсің,
Майды берген бай дейсің.
Майға тойып алған соң,
Қымыз керек тағы да.
Орынсыз сөз сөйлейсің,
Қымызы барға жағына.
Қымызы бар қылтиса,
Сүмірейіп кетесің,
Ақау түсіп сағыңа.
Қымызы бар хош алса,
Дүрдиесің мінгендей
Қара орын хан тағына.
Қымызға тойып алған соң,
Сөз сөйлейсің қағына.
Қымызы бар құтыртса,
Соқтығасың әркімге,
Қарамай қара, ағына.
Алдыңда не бар – көрмейсің,
Артыңда не бар – білмейсің,
Жарға барып күп дейсің,
Қарамай екі жағыңа.
Ойлау түгіл, сезбейсің,
Жақсылықтан үркесің,
Жамандықтан безбейсің,
Тауаның жүрсе шағыла.
Қымыз құмар, сөз құмар,
Сор құмар өңшең сорлылар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу