Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  252


Автор: Дулат Бабатайұлы

Атаны бала алдады...

Атаны бала алдады,
Шешеге назар салмады,
Теңгерер жақсы қалмады
Қысқа менен ұзынды.
Әбден үміт үзген соң,
Қой зор болып түйеден,
Құлын зор боп биеден,
Сөз оралмай жүйеден,
Бұзақы би боп тізілді.
Лашын өрлеп ұша алмай,
Ер майданға түсе алмай,
Үлкеннің тілін кіші алмай,
Елдегі жақсы бұзылды.
Мәстек озып бәйге алды,
Тайынша бұл боп, тай қалды,
Бағасыз қыран жай қалды,
Достықтың қылы үзілді.
Ителгі туып сұңқардан,
Жабы туып тұлпардан,
Топтан торай бермейтін,
Түн асқан сайын өрлейтін
Төрт аяқтан ақсады
Томаға көзді боз тарлан.
Мойнынан жал кеткен соң,
Қыршаңқы болып қызынды.
Қызғыштың даусы көбейді,
Көлден аққу сырылып,
Қайырымы кеткен соң,
Мырзадан қоңсы жырылып,
Елім дер ер қалмады
Артына қарар бұрылып.
Тырнадан би сайладың,
Ашпассың, елім, көзіңді.
Алды-артыңды түйықтап,
Бесті айғырдай иықтап,
Ұйқыңды шайдай сұйықтап,
Кедергі алды кезіңді.
Хан тағынан төңкерді
Қасиетті ханынды,
Қараша күнге теңелді,
Орда шырқы қағынды.
Мойның қалды бұлғақтап,
Екі езуің ыржақтап,
Талқан қылды таңыңды,
Еріншек нардай ер шөкті.
Елбеңдетіп көтердің
Ебелектей езінді.
Ішкендей тұзсыз атала,
Борбайлары сатала –
Бәрінің іші өтіп жүр,
Қайсыбірін емдерсің?
Ел құлағы саңырау,
Кімге айтамын сөзімді?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу