Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  121


Автор: Дулат Бабатайұлы

Асқар таудың сәні жоқ...

Асқар таудың сәні жоқ –
Төрт түліктен қонысы,
Басылмайтын сонысы
Көкмайса белі болмаса;
Өзен-судың сәні жоқ –
Өрлей, құлдай қонатын,
Жағасы малға толатын
Аймақты елі болмаса;
Қопалы жердің сәні жоқ –
Тұңғиық мөлдір иірім,
Көз болжамас қиырын
Айдын көлі болмаса;
Ақ ауылдың сәні жоқ –
Топталып жылқы үйездеп,
Ноқталы құлын күйездеп,
Тартқан желі болмаса;
Шешендіктің сәні жоқ –
Сөзіне сүттей ел ұйып,
Қолтығына ел сыйып,
Басына бақыт қонбаса;
Қайырсыз байдан пайда жоқ
Нашарға жәрдем бермесе,
Кем-кетігін көрмесе,
Көн болып қатса сіреуі,
Екіге сатса, біреуі
Несиенің өсімі,
Мөлшерлі жоқ кесімі
Үзбей құйса толмаса;
Сұлулықтың сәні жоқ –
Көрсеқызар күлкі ғой,
Шаруа істемей, сылап бой,
Жол саудаға жолдаса;
Би мен бектің сәні жоқ –
Елін қорғай алмаса,
Тура жолға салмаса,
ЬІстығына күймесе,
Суығына тоңбаса;
Батырлықтың сәні жоқ –
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Елерген тұлпар ерттеліп,
Толғаулы найза қолға алып,
Тұйғын құстай қомданып,
Сары садақ асынып,
Егескен жауды қашырып,
Елін қорып жауынан,
Ереулеген егер дауынан
Тұтамдап оқ жонбаса!
Бәрін айт та, бірін айт...
Ұғынар мұны ел қайда?
Елді бастар ер қайда?
Аға сұлтан, абыздар,
Елінді қамап көрге айда,
Барса келмес жерге айда.
Күш кеткен соң қолыңнан,
Зарлаудан, сарнау не пайда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу