Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  2436


Автор: Дулат Бабатайұлы

О, Сарыарқа, Сарыарқа!

О, Сарыарқа, Сарыарқа!
Самалың салқын жөн едің.
Сырдан ауып келгенде,
Жапырылмай шалғының,
Балауса балдыр балғының,
Тимеген ірге соны едің;
Ойың балау шайырлы,
Бетеге қырық шайырлы,
Толықсып толып лықсыған,
Олқы емес едің, толы едің.
Өрісің бейбіт дер едің,
Қонысың кең кер едің,
Тебініңді теуіп тел өскен
Төрт түлікті жер едің,
Ойың көкпен ойылған,
Қом жасап түйең тойынған,
Жылқыңның шабы бусаған,
Ыңыранып қой жусаған,
Шөбіңді сенің татқан мал
Құламасы сусаған,
Масаты кілем жайғандай
Қоныстың шұрай жері едің!
Жеген мал қысыр қалмаған
Бетеге, тарлау, шырышың,
Қарабөктер мүк, жусан,
Ерте қашқан шыбышың,
Саған келіп ішіп ек
Тұнықты мөлдір шынысын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу