Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  179


Автор: Серік Сейітман

Мәңгілік ел

Қазақ Елі!
Мәңгілік Ел – бір атым!
Мәңгі жасау – жалғыз ғана мұратым.
Ай менікі сүттей ақ боп туатын,
Күн менікі күлімсіреп шығатын.
Мініп алып арман атты пыраққа,
Жетем әлі жұрт жетпеген мұратқа.
Сөнсе сөнер жыпырлаған жұлдыздар,
Күн сөнбейді, Ай сөнбейді бірақ та.
Арын сатпас аруым бар бал қылық,
Нарым дерлік сапта тұрған әр жігіт.
Ана тілім, баба ділім, дәстүрім –
Мендегінің барлығы да мәңгілік.
Оңалмассың оқ атқанмен тасамнан,
Құлпытастың құпиясын аша алғам.
Менің сөзім мыңжылдықтар қойнында
Көк түріктің көк тасына қашалған.
Кең даласын күзетем деп Тұранның,
Көктен Жерге көз қадаған қыранмын.
Қаһарымнан құтылуы қиын-ақ
Құтты Еліме қастық қылған бір аңның.
Бұл далаға бұрса біреу ат басын,
Босағамнан басын иіп аттасын.
Қара ниет, теріс пиғыл дұшпаным
Қайтсын қақпай «Мәңгілік Ел» қақпасын.
Сан ғасырлық тарихыммен сырластым,
Сырлас болып, талай асу, қырды астым.
Менің атым – «Мәңгілік Ел»!
Сондықтан,
Жалғыз ғана Мәңгілікпен құрдаспын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу