Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  130


Автор: Серік Сейітман

Құрысын

Ешкімекті теппесе,
Сақалығы құрысын.
Ақсақалдық етпесе,
Аталығы құрысын.
Көз алдыңда керілсе,
Балалығы құрысын.
Құрсағынан жерінсе,
Аналығы құрысын.
Адамдықтан кеткен соң,
Ғалымдығы құрысын.
Өзге біреу өпкен соң,
Қалыңдығы құрысын.
Арын таптап езген соң,
Ақындығы құрысын.
Құшағыңнан безген соң,
Қатындығы құрысын.
Қызығына батпасаң,
Қос болғаны құрысын.
Тарыққанда таппасаң,
Дос болғаны құрысын.
Ардан ада нақылы,
Даналығы құрысын.
Азғындатса ақылы,
Ағалығы құрысын.
Сайтан суын ұрттаса,
Тентектігі құрысын.
Ел намысын жыртпаса,
Еркектігі құрысын.
Жаның азат болмаса,
Азаттығың құрысын.
Қаның қазақ болмаса,
Қазақтығың құрысын.
Құрығандар,
Әлі де
Қайта кері бұрылсын.
Құртқыштардың бәрі де
Қарғыс атып, қырылсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу