Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  140


Автор: Серік Сейітман

Уақытқа уағыз

Жетелеп болашаққа үмітті арман,
Дүрлігем, дамыл тауып тұрып қалман.
Секунд!
Сен қай жаққа асығасың?
Үйренші сабырлықты Минуттардан.
Тұйғындай тауды көріп талаптанған,
Аптығам, Айлы Аспанға қарап қалман.
Минут!
Сен қайда, неге асығасың?
Үйренші сабырлықты Сағаттардан.
Қай күштен қайтқан еді албырт кеудем,
Меңіреу жан емеспін мәңгүрттенген.
Сағат!
Сен сырғып қайда бағыт алдың?
Үйренші сабырлықты Тәуліктерден.
Атамның күні туып аққа оранған,
Кеп жетер сәтім сенен артта қалған.
Тәулік!
Сен қай тарапқа тартудасың?
Үйренші сабырлықты Апталардан.
Сый көрген жан болсам да аяланған,
Бойдағы сан күдікті жоя да алман.
Апта!
Сен ала өкпе боп алас ұрмай,
Үйренші сабырлықты Ай ағаңнан.
Жүрсем де айыға алмай мың қатерден,
Дәл осы тірлігіме ырза екем мен.
Ай!
Сенің ақыл-есің сау еді ғой,
Үйренші сабырлықты Жыл жәкеңнен.
Кейде қарт әр ойлардың басын шалған,
Кей сәтте жаспын ойнап асыр салған.
Ей, жыл!
Сен жортып қайда бағыт алдың?
Үйренші сабырлықты Ғасырлардан.
Болатпен буылса да белім бекем,
Тұлғаңа тарлық етер менің шекем.
Ғасыр!
Сен ғұмырлардың құрдасы бол,
Үйретсін сабырлықты Өмір көкең.
Бір пенде бұл фәниді мұра қылмас,
Әрнеге көңіл бөліп, бұрамын бас.
Ей, өмір!
Өршеленіп орғи бермей,
Сен менің ақылыма құлағыңды ас!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу