Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  82


Автор: Серік Сейітман

Серт

Заңғар, заңғар биік үй
аспанменен таласқан,
Айдан төмен бір елі,
байларменен жанасқан,
Тамсанармын тұлғаңа,
қызығармын көркіңе,
Мен бәрібір ең басты
бағытымнан адаспан.
Кеудемдегі «қанағат-қырсығыммен» күресе,
Баспанасыз сорлы деп
мінесін жұрт мінесе.
Мен бәрібір алдыңда ие алмаймын басымды,
Ақ арманым, себебі,
биік сенен мың есе.
Тас қаланың төсінде ары-бері сабылған
Зу-зу еткен зымыран-мәшинелер ағылған!
Жанарымды жаулай бер бірің асып біріңнен,
Мен бәрібір сендердің уағызыңа бағынбан.
Деп айтарсың:
« – Не болды саған сонша, ұяңым?!.»
Құлағыма құюмен моторыңның күй-әнін.
Бәрібір де сендердің уағызыңа бағынбан,
Мәшинеден мың есе ұшқыр менің қиялым.
Біздерсіз-ақ жетеді екен ғой деп мұратқа,
Сөздерімнен шошынып, кетпеңдер тым жыраққа.
Ниетіме тап-таза, пейіліме даладай
Келем десең, құшағым айқара ашық бірақ та.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу