Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  125


Автор: Серік Сейітман

Қарашығым...

(тұңғышыма)
Бестіні бұйым көрмей белдеудегі,
Отпенен алысып ем кеудемдегі.
Өлімнен қорқатынды шығардым мен,
Өмірге, қарашығым, сен келгелі.
Бөлектеу кешегіден
арман бүгін,
Безбеймін кеудемдегі
жаннан, Гүлім.
Себебі, қамқоры өлген
балапанның
Көрдім мен шыр-шыр
жылап қалғандығын.
Байғұстың кім бар дейсің ұққан мұңын?
Ажалдан панасызды құтқарды кім?
Көрдім мен жетім қалған сол мұңлықты
Жалмауыз жылан келіп жұтқандығын.
Тағдырың шығарма емес жазып алар,
Сонда да тілекті Алла қабыл алар.
Әлдіге әлсіздерді тәуелді еткен,
Өмірдің әділетсіз заңы да бар.
Шыбыннан секем алса алақаның,
Төбемді тасқа соғып қанатамын.
Сен аман жүру үшін жыландардан,
Мен аман болайыншы, балапаным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу