Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  308


Автор: Серік Сейітман

Тұсаукесер

Табанымда тағдырымның едені,
Толғандырған туған елдің беделі.
Жанымдағы жасқа толған жан балам
Жетегімде сүріншектеп келеді...
Алаш ұлы аз көрген бе азапты,
Мойнын құрық, қолын кісен қажапты.
Оқимын да ойға батам тұңғиық
Тарихтағы көп сүрінген қазақты.
Сүрінгенмен, кездері жоқ құлаған,
«Еңкеюді – ездік» деме, сұранам.
Сүрінем деп сүрінген жоқ саңлақ ұлт,
Сүріндірген тағдыр жолы бұралаң.
Сүрінсе де...
Тас түйілген жұдырық
Қас қылғанды қан қақсатқан бір ұрып.
Құлатқысы келгендердің қазақты
Қияметке кетті бәрі қыдырып.
Ұрпағындай сүрінді ме Сақ бабам?
Жауап іздеп, тарих бетін ақтарам.
Атам Қазақ тәй-тәй басқан кезінде
Тұсауын жұрт кеспеген-ау деп қалам...
Тайма, балам, тағдырыңда сайыстан,
Рухыңды көрмесін ел майысқан.
Өз тізгінің өз қолыңда болсын деп,
Тұсауыңды кесем сайлап қайыстан.
Енді сені ұстай алман мен тұсап,
Кең далаға көсіл жайып кең құшақ.
Тұсауыңды кесейінші ырымдап,
Қазақ та енді сүрінбесін сен құсап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу