Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  97


Автор: Серік Сейітман

Мұсылман сипаты

Мұсылманның жүрісі – майда жорға,
Қоқаңдаудан құр босқа пайда бар ма?
Айдалаға беталды жорта беру
Адамзатты жығады сайға да орға.
Мұсылманның жүрегі – мейірімді,
Мұны теріс санайды бей ілімді.
Жетім көрсең жебей жүр, жесір көрсең,
Тарылтқаның болмайды бейіліңді.
Мұсылманның мінезі – көркем ғана,
Көпшілікке көпшік бол елпең қаға.
Шығарып та салатын сені солар
Аттанғанда сапарға ертең дара.
Мұсылманның тілегі – бейбіт өмір,
Бұл күн үшін жанын жұрт қиды небір.
Дәстүрім мен дінімді бөліп қарап,
Білмегендер талабын дейді темір.
Мұсылманның отбасы – кіші жұмақ,
Адамды сүй, Аллаға ісің ұнап.
Шайлада тұр, сен мейлі Айда да тұр,
Күліп шықсын кірсе егер кісі жылап.
Мұсылманның әкесі – бәйтерегі,
Әрбір әке баласын Ай көреді.
Сен жас шыбық кезіңде қорған болған
Бәйтерегің құласа қайтер еді?
Мұсылманның анасы – ардақтысы,
Алғысында ананың бар бақ құсы.
Ана сыйлай алмаса тіршілікте,
Адам емес, хайуан боп қалмақ кісі.
Мұсылманның сәбиі – ең бақытты,
Сезінетін таң соны енді атыпты.
Енесінің емшегін емген сорып
Екі жылда ғұмырлық ем жатыпты.
Мұсылманның Отаны – жүрегінде,
Тілегің де сол болсын, тірегің де.
Талпын, досым, сауапқа батқың келсе
Туған елдің төсіне гүл егуге.
Мұсылманның кеудесі – алтын сарай,
Шын байлықтың жүрейік нарқын санай.
Ілім іздеп, өзінің түбін іздеп,
Кемелденсе қанекей халқым солай.
Мұсылманның тірлігі – тындырымды,
Құдай үшін дос сана бір-біріңді.
«Бірлік барда тірлік бар» деген бабам,
Сақтағаның жөн болар бірлігіңді.
Мұсылманның киімі – жарасымды,
Болсын дәйім көктемгі ағаш үлгі.
Мұсылманның әр ісі – бір ғибрат,
Бір бойына жинаған бар асылды.
Мұсылманның әр ісі – жарасымды,
Жарасымсыз қояйық адасуды.
Жаппар ием, жарылқау бір өзіңнен,
Назарыңнан тыс етпе Алашымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу