21.05.2022
  2158


Автор: Серік Сейітман

Ақ жеңеше

Ақ жеңеше дегенде, ақ жеңеше,
Пейілі кең, көңілі пәк жеңеше.
Сырым да бар айтатын қайның болып,
Жырым да бар арнайтын әлденеше.
Мінген аты ағамның тарпаң болып,
Қарсы алса ел бәйгеден арқан керіп,
Сәйгүлігін баптаған Қобыландының
Құртқа сынды
Бір сенің арқаң дедік.
Айналайын жеңеше, атбегісің,
Батыр туған ағамның бапкерісің.
Тұлпар мінген Ер қазақ
Ата жаудың
Бастарына қаптайды бас терісін.
Тұлпар болса жеңгемнің баптағаны,
Жеңгем емей, енді кім мақталады?
Тағаменен арғымақ сақталады,
Арғымақпен азамат сақталады.
Жары жақсы жігіттер жабықпайды,
Көңіл құсы қияда қалықтайды.
Қатыны үйде қатын ғып ұстаған ер
Батыр болып түзде де жарытпайды.
Ал менің ғой, ал менің батыр ағам,
Жұрт сүйсініп сыртынан бақылаған.
Тістескеннің азуы күйретіліп,
Ұстасқанның қаңқасы қақыраған.
Ірілердің ізіне ерген ағам,
Арта берсін қашанда елге бағаң.
Болсын десек ағамдай ерлер аман –
Болсын дейік алдымен жеңгем аман.
Жеңгем аман болсыншы, жеңгем аман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу