21.05.2022
  496


Автор: Серік Сейітман

Қарындастарыма

Тұлғасы сымбатты қыз тал қайыңнан!
Бал-шырын тіленбеймін таңдайыңнан.
Өз қанын қорлайтұғын қара емеспін,
Тек қана бір иіскетші маңдайыңнан.
Көңілім қабағыңды еншіледі,
Қабағаң көңілімнің болсын емі.
Түлкідей теріс тонды тексіз емен,
Үркімей, қарындасым, келші бері.
Болғанмен олар досы көз жауының,
Мендегі сайтан-ойды қозғауы – мұң.
Қазақтың күллі қызы – қарындасым,
Қай қазақ қорлап еді өз бауырын?!
Қаным деп шырқырайды шыбын жаным,
Арым деп кісінейді құлын қаным.
Қарындастарымды мен қызғанамын
Ер түгіл, жел тербесе бұрымдарын.
Болғанда бесіктегі баласы – мен,
Олардың берілмейді бағасы кем.
Қыз көрсем, пәс тартамын
Жолыққандай
Ұлтымның күні ертеңгі анасымен.
Келсе де төніп мейлі «жан аларым»,
Ешқашан кемімейді бағаларың.
Тәу еттім барлығыңның маңдайыңа,
Жасымнан жасы кіші Аналарым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу