Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  127


Автор: Серік Сейітман

Анама хат

Ана, сенен өніп-өскен шынармын,
Арман қуып алыс кеткен
шұбармын.
Сағынарың, тосар жайың бар екен,
Онда неге құрсағыңнан
шығардың?!
Құрсағыңнан шығармас па ең
сен мені,
Бұлқыныс күш шыдатпады
мендегі.
Ұйықтап қана жатар едім тып-тыныш,
Кеудемдегі намысым бой бермеді.
Туғам солай намыспенен егіз боп,
Мендік пейіл – шалқып жатқан теңіз көк.
Аспанында самғатармын Алаштың,
Беу, бақыт-құс,
Тауып алып, сені іздеп.
Көркін қимай ауылдағы көктемнің,
Қиналсам да
Күйін кешіп кептердің,
Асқар-асқар армандарым үгіттеп,
Алыс-алыс сапар шегіп кеткенмін.
Көз алдымда көлбеңдейді көп елес,
Ана-жаным, тыншу күтпе менен еш.
Тер сасыған төсіңді емген балаңның
Маңдайының терлемеуі – жөн емес!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу