Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  127


Автор: Серік Сейітман

Әжей кетіп барады

(немесе Ғасыр Анасы)
Біреу мінез көрсетіп қопаңдана,
Біреу оны деп ұқты Отанға Ана.
Әжей кетіп барады сағыз сатып
Сағыздай боп созылған отарбада.
Қалмағандай фәнидің астар-мәні,
Сөгілгендей бақыттың баспалдағы.
Әжей сатып барады ыстық бөлке,
Кеміргені – қытырлақ қатқан наны.
Елжірейді-ау есіне ері түсіп,
Сығырайтып тастапты көзін ісік.
Әжей кетіп барады сусын сатып,
Шөл басарға сор-сорпа терін ішіп.
Болмаса да ойының мұңмен ісі,
Мұңның оны басыпты мүлде мысы.
Әжей кетіп барады шұлық сатып,
Аяғында – сүйреткен құр кебісі.
Шомыла алмай шуақты таң нұрына,
Таңда ғана көз іліп, қалғыды ма?!.
Әжей кетіп барады пісте сатып,
Пістедей боп шағылып тағдыры да.
Нұрын шашып тұрса да жасаулы Аспан,
Адасқан соң қызық жоқ қатар-достан...
Әжей кетіп барады тәтті сатып,
Тәтті дәмін тірліктің тата алмастан.
Көзден көлшік, маңдайдан көл бөлініп,
Жоқты бар ғып, тиынды теңге қылып,
Әжей кетіп барады арқаланып,
Арқасына өмірдің өңгеріліп.
Тұрса да «Ие» бақиға бағдар беріп –
Арсыз емес,
ақшасыз жаннан жеріп,
Әжей кетіп барады сатушы боп,
Алтын Уақытын Ғасырға арзан беріп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу