Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  128


Автор: Серік Сейітман

Атымтай

Тілегенін Тәңірі үйіп-төккен,
Мәртебесі, мерейі биік Көктен.
Атымтайы Алаштың аман болсын
Құшағына бар қазақ сыйып кеткен.
Таласы жоқ шәуілдек күшіктермен,
Қара суын халқымен ішіп, бөлген.
Жолда қалған жаяудың жайын жасап,
Тақымдағы тұлпарын түсіп берген.
Жер бетіне жіберіп тілекші ғып,
Бар бейнетпен бір өзін күрестіріп,
Құлқындардың жатқандай несібесін
Құдай соның қолымен үлестіріп.
Мынау атың, ал мынау асың деген,
Жанарынан жалынды жасын көрем.
Білген жөнін баршаға сүйіншілеп,
Ілген жемін сұңқардай шашып жеген.
Елден бөлек түгі жоқ еншілеген,
Елмен бөліп жемеуді ерсі деген.
Жұрт жыласа жүрегін жаялық қып,
Ел жұбанбай көңілі көншімеген.
Талайларға тағылым тұрқы мына,
Бабасының боп сіңген ғұрпы мұра.
Жауым сырттан қарқылдап күлмесін деп,
Жамау болған жұртының жыртығына.
Аластаған Алаштан мұңды, азапты
Ерлеріммен ертеңгі күн ғажап-ты.
Ұлысымның бар байы ұлтын сүйсе,
Көрер ме едім аш қалған бір қазақты?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу