Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  146


Автор: Серік Сейітман

Серіктің батасы

Бірінші бата


Жақсы атың дара таныла,
Жүк болсын нар-атаныңа.
Жаратқан рақымын құйсын
Жайылған алақаныңа.
Алғаның ақылды болсын,
Ақылы татымды болсын.
Қонағың баладай шалқып,
Тамағың батымды болсын!
Ұлыңыз айдарлы болсын,
Дұшпанға айбарлы болсын.
Түлігі жайлаулы болсын,
Күлігі байлаулы болсын!
Қызыңыз бұрымды болсын,
Қылығы жұғымды болсын.
Ол-дағы – қолдағы құс қой,
Құсыңыз тұғырлы болсын!
Келінің ибалы болсын,
Жүректе иманы болсын.
Басбілген текті жылқыдай
Дәстүрден жиғаны болсын!
Бесігің тербеулі болсын,
Несібең ернеулі болсын.
Жемісің өнгенді болсын,
Өрісің өргенді болсын!
Жабағың қазанат болсын,
Жаманың азамат болсын.
Алаштың айбыны тасып,
Жау алмас жамағат болсын!
Құламас Қағанат болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу