Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  157


Автор: Серік Сейітман

Менің әкем Ахметті көрген жоқ,,,,

Менің әкем Ахметті көрген жоқ,
Бірі өлген жыл енді бірі туыпты.
Ахаң кетті,
Ахаң рухы сөнген жоқ,
Оның рухы – ұрпағында уытты.
Отыз жеті басын кесті бірінің,
Ал бірінің кесті балғын кіндігін.
Баудай қиып барлығын да ірінің,
Бұлт торлады сол жыл қазақ түндігін.
Өтті Ахмет ел-жұртына қорған боп,
Ол да мендей бір қазақтың баласы.
Менің әкем Ахметтей болған жоқ,
Байтұрсындай болды-ау, сірә, шамасы.
Боздақтардың басы қайда қалмаған?
Өкінгенмен, өнер не бар енді одан?!
Асыл Ердің асыл жолын жалғаған
Ғасырымның Ахметі мен болам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу