Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  73


Автор: Серік Сейітман

Атарбаның мұңы

Әке, менің сағынған атым қайда?
Өкінішім Сізді ойға батырмай ма?!
Қасқа атымды,
Арбаны
Және мені
Бұдан былай алыс жол шақырмай ма?!
Қарсы алмады кісінеп хас киелім,
Жұдырықты, жынданып, тас түйемін.
Ат та болса, дұғамды бағыштайын,
Көміп едің қай жерге бас сүйегін?
Ала жаздай көргені қиын жұмыс,
Ету қайда ол кезде күйін дұрыс?
Жануарға тек қыста шыр бітуші ед(і),
Соғым қылып сойыпсыз биылғы қыс.
Асып ешкім бөкпеді терге бізден,
Тасылды отын, мая шөп, жем де бізбен.
Базарына құрт-майын жеткізіп сап,
Алғанымыз тек алғыс жеңгемізден.
Сырт жағымнан көз тастап аңғарғанға
Құштар болдым биікке, заңғарларға.
Отын да емес,
Шөп те емес,
Ол ат арба,
Сол ат арба толы еді армандарға.
Қасқа айғырдың қиын-ақ сорлағаны,
Ал мен алдым қалаға жолдаманы.
Жауын-шашын шіріткен ат арбаның
Жапырайып жылап тұр доңғалағы,
...мендік мұңдай мұң бар ғой онда-дағы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу