Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  72


Автор: Серік Сейітман

Тұлпармын

Менің ділім төркіндеген Оғызға,
Менің мұңым тіл бітірген қобызға.
Ұқсамаймын,
Ұқсағым да келмейді
Өз баласын өзі жейтін доңызға.
Әр құлынның тағдырына қайғырдым,
Әр құлынды қорғап жүріп тай қылдым.
Үйірі үшін басын тіккен ажалға
Асылтұқым азынаған айғырмын.
Бестімін мен туғаннан бес түлеген,
Қалың ойдың құшағында түнегем.
Құлағымды жымқырам да
Күйлеген
Құнажынды аулақ қуып жіберем.
Құнажынды қуғандығым – бақ маған,
Құлагердің мұрагері боп қалам.
Текті айғырдың ұрпағымын себебі
Бел баласы-байталына шаппаған.
Алай-дүлей күн туғызса ұлы таң,
Қанаттанып, бар дүниені ұмытам.
Басқа айғырды айдап жүріп аулаққа,
Баптаусыз-ақ өзімді-өзім суытам.
Күндіз Күнім,
Түнде медет Ай маған,
Қарбаластың қазанында қайнағам.
Ешқашан да
Ешкімнен де қашқам жоқ,
Қуғанымды жетіп алып шайнағам.
Жетіп алып, жеті жауды жеңгенмін,
Бақытымды үйіріммен тең бөлдім.
Танымайтын құрық дейтін ұғымды
Тұлпар текті Қазақ деген елденмін.
Гүлдей жайнап құлпырғанда Алашым,
Айдай әлем аңтарыла қарасын.
Тұяғымның дүбірімен оятам
Үйірімнің ұйқыдағы санасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу