Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  94


Автор: Серік Сейітман

Жайлаудағы жаңалық

Төрт түліктің үлгі тұтып адам сүйер әдебін,
Ауылдың боз шаңын жұтқан томпақ қара бала едім.
Жолдастарым ойнаймыз деп келген кезде
үйге іздеп,
Мен жайлауда мал бағамын қу тірлікпен
күйбеңдеп.
«Түлікке емес, тағылымға толса менің өрісім,
Қара бастың қамы емес, іс жасасам ел үшін», –
деп, осылай армандаушы ем,
қиялдаушы ем сәт сайын,
Содан соңғы кезекте еді сұлу ару, ақ қайың.
Күнде-күнде өңделетін, жамалатын арманым,
Армандардан жанданған ғой,
зор болған ғой әр дарын...
Жаз жайлауда ақ есекті мініп алып, мал бағып,
Бір айғырдың қылығына қараушы едім таңданып.
Сол тор айғыр азынап кеп, жымқырғанда құлағын,
Ытқитұғын айғырсымақ жабағы, тай, құнаның.
Еш жылқыдан жеңілместей көрінетін ол маған,
Шіркін, мен де сондай күшті болсам ғой
деп толғанам.
Және көрші қарияның бар еді боз дөнені,
Жабағы, тай, құнандарға ілтипаты зор еді.
Байқаусызда сол боз дөнен үзіп кетіп арқанын,
Талап, шайнап шығарғаны тор бестінің талқанын.
Мықты деген тор бесті жеңілді де жер болды,
Оған деген үмітімнің бәрін күдік өңгерді.
Содан бастап
Кеуде соғып, «Мен мықтымын!» деп жүрген
Айғырларды
Жылқы деп те санамайтын болдым мен..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу