Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  81


Автор: Серік Сейітман

Кенжеліктің күпісі

Ақтарылтып анамның жыр-ертегін,
Сол әлемде жүргендей күнелтемін.
Кенже жоқтай ауылда менен өзге
Бала кезде байызсыз тым ерке едім.
Өресінен құрт ұрлап ақ жеңгемнің,
Әккі ағамның соққысын сан көргенмін.
Аштық емес жасатқан маған оны,
Балалықпен мастыққа жан бергенмін.
Көршіміздің мәрттігін бір ұққасын,
Қалай ғана құмарым құнықпасын?..
Тауығының толғағын тосып жүріп,
Сүйіншіге алғанмын жұмыртқасын.
Баласының басса егер жанарын мұң,
Әкем күйін кешетін қара құлдың.
Асығы үшін ісекті сойғызатын
Біздей болсын тентегі әр ауылдың.
Шошитынмын шалдардан шаппа көрсем,
Құлақ қорғап, Жер болып Аспан еңсем.
Қыршаңқы қарт: «Насыбай бер!», – дегенде
«Менікіндей өзіңде жоқ па?!», – деуші ем.
Осы қылық, осы ісім, осы күйім,
Болды қызға көңілдің қошы бейім.
Сұлу келсе:
«Үйіне қайтпасын!», – деп,
Тастайтынмын тықпыштап «топылиын».
Ойынымды талайы осып салған,
Бірталайын мәз-мәйрам етіп те алғам.
Сол сұлулар бетімнен сүйер сәтте
Ерініне ернімді тосып қалғам.
Тосып қалып,
ләззатқа бата жаттым,
Кейпіне ендім
сонда да асау аттың.
Ана сүті аузымнан кеппей жатып
Татқан жанмын бал дәмін махаббаттың.
Жықпас үшін өр кеуде,
өр күйімді
Меңгергенде қонжықтай
қонжиюды
Бес жасымда анам бір ұл босанып,
«Кенжеліктің күпісін» сол киінді...
Тілін алып тәтей мен көкейлердің,
Жәй жандардың міндетін өтей бердім.
«Кенжеліктің күпісін» шешінген соң,
Он бес жылға бір күнде есейгенмін.
Жылу бердің жаныма, еш суынбай,
Ессіз еттің сен мені, есті қылмай.
Көрсем болды інімді,
Сені еске алам,
Еркелікпен өткізген бес жылым-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу