Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  69


Автор: Серік Сейітман

Мен ер жеткен көктемде

Балмұздақтай бал дәуренде, сонау бала шағымда
Ояу жүрдім, бой алдырдым кереметтей сағымға.
Аулымыздың іргесінде биік белең болатын,
Ынтықтырып, жыр тудыртып, еткен еді мені ақын.
Сол қыраттың бәйшешегі гүлдеуші еді тым ерте,
Бір серімен қосақталып гүл теретін бір ерке.
Біз оларға қараушы едік тоймас көзбен қызығып,
Ауыл-аймақ, жас-кәріміз – бәріміз де тізіліп...
Одан бері өтті-кетті нешеме жыл, күн талай,
Өз еркінде тіршілігін жасаса да кім қалай.
Ат қорасы қоныс тепкен сонда бүгін бір байдың,
Бала кезде сезбеппін-ау туатынын мұндай күн.
Ғашығымды енді қайда қыдыртамын?
Әттең-ай!
Мен ер жеткен көктемде сол қырдың шөгіп
кеткені-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу