Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  157


Автор: Серік Сейітман

Бақыт

Тайпалғырдың таңдап мініп тәуірін,
Белшесінен кешіп жүріп мұнайды,
Бақыт деген – байлық болса, бауырым,
Байлар неге жылайды?
Жаннан емес, тәннен алып жылуды,
Тар төсекте есінен мың таныпты.
Бақыт деген – құшу болса сұлуды,
Жүргіш неге жалықты?
Асып тұр ғой ас емес бұл даңқы астың,
Мұнысына миым жетпей тұрғаны-ай.
Бақыт деген – арақ болса,
Алқаштың
Әні неге мұңға бай?
Тақымыңыз тағыңызға толса егер,
Осы емес пе өмір сүру өмірсіз.
Бақыт деген – бастық болу болса егер,
Әкім неге көңілсіз?!
Базаршының бет-бейнесін дауда көр,
Қалтасынан асып-тасқан байлығы.
Бақыт деген – табыс болса,
Саудагер
Бүгін неге қайғылы?
Дәл мен үшін жоқ ешқандай құны түк,
Танауымен аспан сүзген көкенің.
Барша адамзат бара жатыр ұмытып
Бақыт деген қанағатта екенін.
Бейілдерін қанағаттан бұрып құр,
Бақыт іздеп сандалып жүр бар адам.
Бақыт болып дастарханда күліп тұр
Құдай берген қара су мен қара нан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу