Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  78


Автор: Серік Сейітман

Есіл - ер

Жауқайырған намысының өртімен,
Бабаларым шеттерінен өр кілең.
Қаймақтарын дым қалдырмай солардың,
«Отыз жеті» сыпырды-ау деп қорқып ем.
Сыпырса да сарқыншағы қалыпты,
Халық-Ана туады екен алыпты.
Ұлтын сүйген Ерлерімнің рухы
Ұрпағына мирас болып дарыпты.
«Сарыарқадан салып берген Астана
Қазақ мәңгі қарыз болды Патшаға».
Сол қаланы қызғыш құстай қорып жүр
Имаш ағам ұялатпай жат сана.
Жаһандану, қандай қусың жымиған,
Жымиғанмен сақталмаған бір ибаң.
Алаш Елін ала-алмассың сен жаулап,
Қорғаушысы – Құдай және Нұр-Иман.
Елін бастап бара жатқан құт, арға
Ерін елі ардақ тұтпай ұтар ма?
Ханның жалғыз қасиеті үшін халықшыл
«Абылайлап» жыр толғаған Бұхар да.
Имаш аға, сөзіңді естіп кесімді,
Еміреніп,әрең жидым есімді.
Дәл өзіңдей Есіл Ерлер тұрғанда,
Ел ешқашан жоқтамайды Есілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу