Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  112


Автор: Серік Сейітман

Жұбату

Азды-көпті ғұмыр сыйлап ең керек,
Тәңір бізге мәрттік жасап, ерлемек.
Кімге тұрақ, неге пана болмаған
Домаланған мынау дүние дөңгелек?!.
Хақымыз жоқ атануға шерменде,
Өр халықтың перзентіміз өр кеуде.
Ата-баба рухына басыңды ій
Босып жүрген сығандарды көргенде.
Өзіңе-өзің танытпашы кекесін,
Түсінем ғой,..
Оған енді не етесің?..
Азаттықты «Азаптық» деп ұғарсың,
Бәлкім, жалдап ұйғыр қарттың кепесін.
Қой, бауырым, ашынбашы өртеніп,
Тамшыдай-ақ қос көзіңнен көл төгіп...
Бақыттымыз Қазақ Жерін жастанып,
Топырағын жамылсақ та көрпе ғып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу