Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  92


Автор: Серік Сейітман

Алматы

Ару қала от құшағы кең болған,
Армандар мен алыптардың мекені.
Алатаудай өсуді аңсап келген жан,
Алатаудан алыс самғап кетеді.
Жөн сұрасқан адам болса
байқар көп,
Талайлар жүр туған жері тіпті ұзақ.
Соның бәрі бір қыдырып
қайтам деп,
Алматыға байланғандар жіпсіз-ақ.
Құшағыңда ғашығым бар,
достым бар,
Бәрі өзіңмен қызыққа әбден батыпты.
Алматының көп тұрғыны
босқындар,
Баспанасыз болғанымен бақытты.
Жер жүзінің үлкені де,
жасы да
Жер жәннатын арман етіп жүреді.
Көктөбенің шыққан сайын
басына,
Көкке төбең жетпей қайтар бір елі.
О, Алматы!
Бақыттымын мен-дағы,
Бесігіңе бөленген.
Мөлдіреген бұлағыңдай таудағы,
Мөлдір болып қалсам ғой деп келем мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу