Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  151


Автор: Серік Сейітман

Қарашаңырақ

Қарашаңырақ!
Сенен асқан кие жоқ,
Атам кетіп, әкем қалған ие боп.
Әкем кетсе, орнын басар кенже бар,
Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ.
Көк сеңгірден сөндіре алар Күнді кім?
Күнмен бірге түріледі түндігің.
Түндік түрмес қар бораған қаңтарда
Кесіліпті менің сенде кіндігім.
Бүгінім мен болашағым бірлікте,
Тағдырыма, тарих, сен де сыр бүкпе.
Ұрпағыма болар қарашаңырақ
Мен тұрғызған әм тұрған үй тірлікте.
Қорасында төл дауысы маңырап,
Қозы-лағы өріске өрсін жамырап.
Жас отаудың болашағы – бас отау,
Әр қазақтың үйі – қарашаңырақ.
Қасиетін қадір тұтып ағаштың,
Тәңіріме тура жолды тағы аштым.
Босағаңнан енген сайын бас ием,
Босағасын берік ет деп Алаштың.
Алдында мен ұлы баба – Даланың
Амандығын күзетуші баламын.
Топырағым – түп төркіні түркінің,
Туысым да сүртіп кірсін табанын.
Қазақстан!
Қанаттандыр, оталдыр,
Өзің жайлы жазу күнә қопал жыр.
Бар қазаққа сенсің қарашаңырақ,
Отау бөлек болғанымен, Отан – бір.
Қазақстан!
Сенен асқан кие жоқ,
Бабам өткен, атам өткен ие боп.
Тасың түгіл, тасбақаң да аманат,
Қаскүнемге қақ шекеден тиеді оқ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу