21.05.2022
  1268


Автор: Несіпбек Айтұлы

ТУ

Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,
Өмірде еш нәрсе жоқ Тудан биік!
Автор



І
Шаңқай түс, тамылжыған шілде айында
Естіген оқиға еді Ту жайында.
Қаз-қатар қона қалған қалың ауыл
Биік тау алқымында – су бойында.
Көкейде кішкентайдан қалған сурет
Жүретін сәуле шашып жылда ойымда.
Алданған жас баладай күнде ойынға,
Заманның кім кетпеген ыңғайында?
Санасаң шаш етектен шеккен бейнет,
Не пайда салынғанмен құр уайымға?
Ер жігіт өле-өлгенше тыным таппас,
Тұрғанда ел парызы қыл мойында.
Гүрілдеп асау өзен таудан аққан,
Толқиды көбік шашып жарқабақтан.
Ышқынып, дөңбекшиді, долданады,
Тастарды домалатып суда жатқан.
Көмілген Тарбағатай басы қарға,
Шешуге ақ тұмағын асығар ма?
Көк өзен көлденеңге өткел бермес,
Ауғанша жаз ортасы тасығанда.
Кербез тау шымылдықтай керіледі,
Қойнында бұққан аю, бөрілері.
Аршыған жұмыртқадай аз боз үйлер
 
Шаңқиып көз ұшынан көрінеді.
Тыпыршып, бөгелектеп желідегі
Байланған жас құлындар зерігеді.
Жотада желдеп тұрған жылқы үйірі
Түсуге төмен қарай ерінеді.
Секірсе тұяқтары сытырлаған,
Ешкі-лақ тас түбінде жыпырлаған.
Бауырына басын тығып бір-бірінің,
Үйезде қой отары бықылдаған.
Ірімшік-құртты аңдиды өредегі
Сауысқан ұшып-қонып лыпылдаған.
Ыстықта әуе айналып жерге түскен,
Жұрт қызу дуылдасып, қымыз ішкен.
Аңқиды саумал иісі самал соқса,
Әр үйден күрпілдетіп саба піскен.
Аспанға түтін созып тезек оты,
Қазанда шымырлайды бағлан еті.
Көкжиек сақинадай дөңгеленіп,
Секілді көрінеді жердің шеті.
Қызыққа көбелектер еркін батып,
Ұшады қанаттарын жарқылдатып.
Салақтап қызыл тілі көлеңкеде,
Соғады ит бүйірін солқылдатып.
Еске алып келмес күнді енді қайтып,
Төрде отыр бір қария әңгіме айтып.
Таңдайын тыңдағанның тамсандырып,
Сөйлейді бір күлдіріп, бір мұңайтып.
Суырып түптен тартып сөз қозғасы,
Сияқты өлең-жырдың бозжорғасы.
Ақтарса көне сырды кәрі жүрек,
Сынаптай сырғанайды көзден жасы.
 
Бұл маңда Жақыпбекті1 кім білмейді,
Жүйріктей желсе тұяқ ілдірмейді.
Қалақтай домбырасын қолына алса,
Қосыла көкірегі күмбірлейді.
Әсет2 пен Кәрібайдың3 соңына еріп,
Ел кезіп, еркін шалқып жүрдім дейді.
Алашпыз намыс туын құлатпаған,
Көрсек те қанша қуғын-сүргін дейді.
Тоқсанға сексен асып аяқ басқан,
Ғасыр тұр ар жағында таяқ тастам.
Жалтылдап жүні қызыл қайран ғұмыр,
Түлкідей бұлаңдайды таяп қашқан.
Ақ мамық сақал-шашы үлпілдейді,
Қызарған көздің алды кілкілдейді.
Сұңқардай мойнын соза сөйлегенде,
Тобықтай жұтқыншағы бүлкілдейді.
Денесі шымыр біткен шаршы ғана,
Ұқсайды құс ішінде қаршығаға.
Жалт етіп қарағаны – зердең болса,
Дегендей сөзге құлақ салшы, бала!
Ол кезде мен – он бесте, ол – тоқсанда,
Не деген безер едім жортақ сонда?
Енші алып езуінен қалмаппын-ау,
Әйгілеп әр сөзіне ен тақсам да.
Кезікпес көшпелі алтын енді маған,
Дариға, қанша өкініп сан соқсам да!
Сарыны әңгіменің қыза-қыза,
Ауысты көне жырдың ұзағына:
1 Жақыпбек Кәріпбайұлы (1864-1972) Тарбағатай өңірінде өткен шежіре
қарт.
2 Әсет Найманбайұлы.
3 Кәрібай Таңатарлы – репрессия жылдарында Тарбағатай өңірінде қызыл
шекарашылардың қолынан мерт болған атақты ақын.
 
– Жалғанда кім бар дейсің, – деп, күрсінді, –
Ажалдың ілінбеген тұзағына?
Баласы Таңатардың Кәрібай-ды,
Айтпасам көпке сөзім дарымайды.
Оғынан опат болған қызылдардың
Арысты бүгінгі ұрпақ танымайды.
Өлшеусіз тартқан азап өмірінде,
Өнері бірге сөнді көңілінде.
Ақын жоқ бұрын-соңды одан асқан
Осынау Тарбағатай өңірінде.
Айтысып Әсетпенен Көктұмада,
Өлеңде оза шауып, өтті дара.
Сұраусыз судай ағып кете барды,
Татымай ердің басы тоқтыға да.
Өлеңмен кіндіктес боп туып іштен,
Жан еді Әбілхаят суын ішкен.
Шаң қаппас шаңқан боздай шыға шауып,
Танбаған топқа түссе жүгірістен.
Келе алмай шалымына жолда қалған,
Талайлар кеуде қағып күбініскен.
Атқандар Шәкәрімді оны да атты,
Жаласып шайтан ауыз ібіліспен.
Шырмауын бұл дүниенің шешу қиын,
Шатысып, шиеленіп, ілініскен.
Түсерсің сергелдеңге ертең оңай,
Мерейің болғанменен бүгін үстем.
Жігіттің сұлтаны еді сол Кәрібай,
Байғұсты жаратыпты сорға Құдай.
Көмуге мұрша бермей қанішерлер,
Кебінсіз бір шұңқырда қалғаны-ай?!
 
Жас келіп жанарына қалды отырып,
Көңілдің өткір жүзі сәл кетіліп.
Күрсініп іштерінен мұңға батты,
Тыңдаған құлақ қойып ел де тынып.
Қолқалап қоймаған соң халқы қыстап,
Жалғады сөзін қайта кең тыныстап.
Төгілді таудан түскен тас бұлақтай,
Денесін қыран құстай еркін ұстап:
– Балаған қысылғанда бірді мыңға,
Біздің ел не көрмеді бұл ғұмырда?
Қойнында мына таудың кім қалмады,
Кешегі қазақ-қалмақ қырғынында?
Сондағы шейіт болған марқұмдардың
Үні бар аққан судың сылдырында.
Кәрібай жырлаушы еді таңнан таңға,
Ажалдың кетпегенде шылбырында.
Аузынан көп әңгіме естіп едім,
Күмән жоқ әр сөзінің шындығында.
Бұл таудың арғы беті, бергі беті,
Гуілдеп соғып тұрған желдің өті.
Дүние талай аунап-төңкерілді,
Сөнгенше жыпырлаған жаудың оты.
Ел қорғап, опат болған боздақтарды
Жырлайтын тағы да бір келді реті.
Халықты жаугершілік сан жүдетіп,
Қиямет көпірінен келдік өтіп.
Сұрасаң өткен өмір оқиғасын,
Айтады жер аттары мөлдіретіп.
Тілдесіп тарихымен елестеген,
Күнім жоқ атажұртпен кеңеспеген.
Төсінде Барқытбелдің сайрап жатыр
Соқпағы сұрапылдың әлі өшпеген.
 
Тау-тасқа, өзен-суға, тал-қайыңға,
Тіл бітсе толғанады сол жайында.
Рухы бабалардың жанға жақын,
Уақыттың қалса-дағы шалғайында.
Қазақты тағдыр қанша тентіретті,
Батырлар ат үстінде жортып өтті.
«Бөкенбай жазығы»4 деп атайды жұрт
Кіші жүз қолы жатқан кең түбекті.
Тауы тұр одан бері Жағалбайлы5
Тарихын іздемеген таба алмайды.
Жаманның бар мен жоғы кімге керек,
Жақсының басқан ізі жоғалмайды.
Жаны бір қайран ерлер қандыкөйлек,
Ел үшін отқа түсіп көрді бейнет.
Бастарын басынғанның табанға сап,
Ақырып атажаудан алды ғой кек.
Тоқсанда тасырқаған қартқа, мына,
Ағайын, жаза бассам, артпа кінә!
Алғыдан мирас қалған аманатты,
Тапсырсам арманым жоқ арттағыға!
Осылай ұзағынан толғап еді,
Сүңгітіп тұңғиыққа сонда мені.
Шұбырып сілекейім, аузымды ашып,
Сусыным шөліркеген қанған еді.
Жақаңның жатқан жерін жарық қылсын,
Үзілген жіптің ұшын жалғап еді.
Берейін кейінгіге қайта жырлап,
Жадымда жаңғырығы қалған еді.
4 Бөкенбай жазығы – Тарбағатайда кіші жүз табын Бөкенбай батырдың қолы
жатқан ж
5 Жағалбайлы тауы – Жағалбайлы қолы жатқан Тарбағатайдың бір саласы
 
ІІ
Ауырлық түсер болса ел басына,
Аруақтың жер батады жамбасына.
Үңілсең сай-сүйегің сырқырайды,
Бабаның тасқа басқан таңбасына.
Жерініп жатырынан жүргендердің
Тартпаса қары сынсын қандасына!
Кім келіп баса-көктеп кідіңдесе,
Біздің ел көкке ұшырған күлін кеше.
Сарбаздар сайыпқыран атқа қонған,
Ақ туы Абылайдың дүрілдесе.
Қатерден қорғаймын деп ел-жұртымды,
Ерлердің қолтық еті сан жыртылды.
Қазаққа қазған көрге өзі түсіп,
Жоңғардың жонарқасын тағдыр тілді.
Босамай батырлардың буған белі,
Жөңкілте жауды қуды Сырдан бері.
Бетінде кең даланың жазулы тұр
Қынадай әр төбеде қырған жері.
Жеткізген жылдар жырлап мұны бізге,
Өліміз өсиет қып тірімізге.
Алашқа ұран тастап бата берген,
Төле би – ел қамқоры Ұлы жүзде.
Қаһарлы Хан Абылай ту түбінде,
Дұшпанға төнді ажалдың бұлты күнде.
Тұтасқан қалың жасақ тынбай жортты,
Қонақтап құс ұйқысы кірпігінде.
Қазақ пен қалмақ киіз туырлықты,
Қайғының екеуі де уын жұтты.
Үш жүздің қалың қолы Хантауында,
Ойрандап ойраттардың6 туын жықты.
6 Ойрат – қалмақтың бір тайпасы
 
Қалмақтар аңыраған қайғыланып,
Ол жерді «Аңырақай» дейді халық.
Өтті ғой содан бері қанша ғұмыр,
Күн батса, қайта туған ай қуанып.
Жалғанның жұта алар ма бәрін жалмап,
Қорқаудың қай тілегі орындалмақ?
Жетісу, Алатаудан қопарылды,
Теңіздей төңкеріліп қалың қалмақ.
Өлігін жинай алмай отбасынан,
Күйзелді күңіреніп қатты осыған.
Ұлыған иттей шулап қайта шықты
Бір кезде кірген Жоңғар қақпасынан...
ІІІ
Шықпаған биігі еді бұрын тіпті,
Дарабоз Ақшәуліге туын тікті.
Сауыры Барқытбелдің самалдап тұр,
Құлпырып көкмайсасы құлын түкті.
Жұмсаса жау түсірер күн құрғатпай,
Жанында Ақтанберді, ер Дәулетбай.
Шыңқожа, Көкжал Барақ, би Боранбай,
Жас пері ер Жәнібек, Баймұраттай.
Шынтақтап шыңға өрлеген тас-қияны,
Ақшәулі аспан тіреп қасқияды.
Болдырып Барқытбелге келген жылқы,
Аунаса бір-екі күн ес жияды.
Қалың қол тыныстады осы арада –
Алтайға кірер алтын босағада.
Тұнып тұр гүлге оранған сай-саласы
Қарақат, таңқурайға, тошалаға.
Жалбызын жұпар атқан жанға шипа,
Иіскемей пенде зауқын баса ала ма?!
 
Болмаса жердің құты, судың сүті,
Табиғат мұнша жайнап жасана ма?
Қазақтың Құдай берген қонысында,
Тайраңдап жүрді-ау қалмақ кеше ғана?!
Боялып ат тұяғы бүлдіргенге,
Сарбаздар сергіп қалды бұл күндерде.
Мың тартқан бейнетіңді айырбастап,
Не жетсін бейбіт жүріп бір күлгенге.
Көзінен күміс моншақ атқылаған,
Тұлпарлар шөл қандырды ақ тұмадан.
Кісінің қылпын көрсе шақылдайды,
Суырлар «Аттан!» салып шапқылаған.
Барқытбел деп атаған арғы бабам,
Шыққан сөз Тарбағатай тарғыбадан.
Суырды «Тарғыбадай аң қайда?» деп,
Қалмақтар қашқан кезде зар жылаған.
Заңғардан көзін салған арқар-құлжа,
Сезбейді не боларын ертең мұнда.
Мәңгілік қозғалмайды қара жартас,
Куәгер көнеде өткен сан тағдырға.
Самғайды көкте қыран желдегендей,
Кеудесін ашу-ыза кернегендей.
«Адамзат, сендер бекер таласасың,
Бұл таудың шын иесі – мен!» дегендей.
Жоңғардың жанталасқан мүшкіл халі,
Жұлқыспақ жұлынғанша тіс-тырнағы.
Айырылса Барқытбелден пана болмас,
Алтайдың теріскейі, түстік жағы.
Нор Зайсан, Қоймаңырақ, Қозымаңырақ,
Айтқандай Бұқар жырау, толы қалмақ.
 
Сұстанып қаһарына мінген қазақ,
Суырып қолқасынан жанын алмақ.
Қарайған торғауыттар7 қандарына,
Ұқсайды түздің жыртқыш аңдарына.
Өліспей берісетін түрлері жоқ,
Шорғаның шоғырланды аңғарына.
ІV
Ел үшін қанын төгіп, жанын берген,
Сұмдықтың қайран ерлер бәрін көрген.
Қасына Қабанбайдың туын тікті
Бөгенбей бұлттай шөгіп қалың қолмен.
Қолдаған жерде әулие, көкте – Құдай,
Аспандап ақ байрағы жетті Абылай.
Қазыбек, Бұқар жырау қалай жатсын,
Жоңғардың туын жығар шақта бұлай?!
Намысын жібермейтін жауға тірі,
Үш жүздің басын қосты бар батыры.
Наурызбай, Бердіқожа бұрын жетті,
Білінер осындайда жер жақыны.
Жүйріктің бауыры жазық, қолтығы кең,
Шапқанда шаң боратар серпінінен.
Табын мен жағалбайлы жігіттерін
Бөкенбай бастап келді жер түбінен.
Батырлар келіп жатыр арт-артынан,
Кісінеп тұлпарлары жер тарпыған.
Лық толды топан судай қазақ қолы
Қойнына Барқытбелдің кең шалқыған.
7 Торғауыт – қалмақтың бір тайпасы
 
Кеңесіп шайқас жайын алда тұрған,
Абылай сөз бастады төрде отырған:
– Торғауыт оңайлықпен алдырмайды,
Қоғадай жайпамасақ жел жапырған!
Кететін түрлері жоқ ақылға сап,
Ойрандап, омыртқасын опырмасақ.
Алтайдан ары асыра айдап салып,
Қарасын көрместей ғып батырмасақ!
Деді де батырларға хан қарады,
Қалмақтың жайын білмек Шорғадағы.
Алдымен жауап беріп Ақтанберді,
Қырандай қызыл көрген сорғалады:
Хан ием, бір Құдайдың көзі көрді,
Обалы бұл жоңғардың өзіне енді.
Келсе де жеті атасын түгел жинап,
Торғайдай тоздыратын кезі келді.
Сарбаздар тықыршуда әмір күтіп,
Шап десең, жіберердей жүндей түтіп.
«Бір тосқын мың асқанға» деген рас,
Шыпасы шыныменен тұр ғой бітіп.
Отырмыз хабар алып әр күн сайын,
Абайлап жаудың сырын, жердің жайын.
Қырық жыл қырғын салған ит қалмақты
Тып-типыл қылатұғын келді ыңғайың!
Саңқ етті дүр сілкініп қарт Бөгенбей:
– Несіне бөгелдік, – деп, – атқа қонбай?!
Сөзіне шолғыншының қарағанда,
Торғауыт әлі аяғын тартпағандай.
Қалмақты жүрген жоқпыз жаңа көріп,
Ырқына жібереміз неге көніп?
 
Бөрідей шулап жатқан көрінеді,
Орыстың от қаруын ала келіп.
Төнгенін көріп отыр зауалдың да,
Табандап тұра алмайды олар мұнда.
Ортасын ойрандайық қақыратып,
Ат қойып алагеуім таң алдында.
Ширығып қарт бурадай қаңтардағы,
Бөгенбай турасынан жалтармады.
Қалмақты көгендейтін сыңайы бар,
Құл қылып құлақкесті – ен-таңбалы.
Қабанбай үнсіз тыңдап отыр еді,
Сезгендей бір сұмдықты көкірегі.
Топтанған торғауыттың айдан анық,
Қандасып қырқысуға бекігені.
Абылай жазбай салқын қалыбынан:
– Дарабоз, сен не дейсің, – деді, – бұған?
Қиғылық салатұғын түрі бар ғой,
Асасқан құйрық-бауыр кәрі құдаң.
Бұғыдай мүйіздері сырқыраған,
Құданың, – деді батыр, – сұрқы жаман.
Құйылып үсті-үстіне қиқу салып,
Қазандай қайнап жатыр бұрқыраған.
Соқпасақ көкжелкеден арғы жақтан,
Ауыр қол аянбайды бергі жатқан.
Өздері күткен жерден барып тисек,
Дайын тұр қауып түсер қанды қақпан.
Не керек көзсіз ерлік болсаң майып,
Айланы асыратын жол таңдайық.
Айналып ту сыртынан алдын кесіп,
Біріне бірін қоспай талқандайық.
 
Кеңесте кең пішілген күні бойы
Бөлінді екі жаққа көптің ойы.
Толғады Бұқар жырау сонда тұрып,
Алаштың артық туған ақылгөйі:
Шөкпейтұғын тау болмас,
Шешілмейтін дау болмас.
Ұран салып шапқанда,
Ұрымталдан соққанда
Шашылмайтын жау болмас.
Керегесі қаңқайған,
Шаңырағы шалқайған,
Жоңғар жұрты енді оңбас.
Ей, Бөгенбай, Қабанбай!
Қалың қолға болған бас,
Қандыкөйлек жан жолдас.
«Аттан!» десең екеуің,
Атқа қонбас ер қалмас.
Қан боп ақты емес пе,
Қара көзден тамған жас.
Өздеріңе аманат –
Соңдарыңнан ерген жас!
Қалмақ қашып сетінер,
Қазақ өсіп жетілер,
Аман болса мал мен бас!
Ей, Бөгенбай, Бөгенбай!
Таусылмасын төзімің.
Аңдап тұрсам, жөні бар
Дарабоздың сөзінің.
Алтай менен Барқытбел –
Атажұрты өзінің,
Қарашығы көзінің!
Бұл араға келгенде,
Жау қарасын көргенде,
Дарабозға дем берер:
Тауда жортқан тағысы,
 
Құстың қанат қағысы.
Соққан желдің лебі де,
Өзен-судың ағысы.
Әр бұтасы, әр тасы,
Қоғасы мен қамысы.
Ей, Абылай, Абылай!
Айтсам сөздің қысқасын,
Көңілдегі нұсқасын –
Ақтық айқас тізгінін
Ер Қабанбай ұстасын!
Толқымай екі ойлы боп манағыдай,
Тоқтады мына сөзге Хан Абылай.
Көпшілік қол жайысты: «Қолдай гөр, – деп, –
Ғаламға он сегіз мың, пана Құдай!».
V
Шығыстан таң оянды алтын иек,
Кірпігін нұрға малған тауға сүйеп.
Алыстан әрең көзге шалынады
Зайсан көл тостағандай күміс жиек.
Күніне көшкен бұлтпен мың арбасқан,
Алтай тұр ар жағында мұнар басқан.
Шүйіліп қыран төнсе төбесінен,
Шуылдап шыңдарынан ұлар қашқан.
Кеудесі кең даланың жұпар аңқып,
Мүлгиді ұйқылы-ояу дүние балқып.
Бармақтай қоңырауы көк аспанның –
Бозторғай шырылдайды биік қалқып.
Келеді төңкеріліп қазақ қолы,
Төгілген таудан төмен судай шалқып.
Еліріп, еті қызған сансыз тұлпар
Басады ауыздыққа сүзе тартып.
 
Өзендер сай-саладан мөңкіп аққан,
Таулардың бұрымындай шолпы таққан.
Үзілмей қалған түннің үмітіндей,
Сарғайып соңғы жұлдыз жымың қаққан.
Тастағы байғұздың да жағы семген,
Ішіне бар сұмдықты бүгіп жатқан.
Бұлттардың жел қуалап таңғы көшін,
Дегендей аспан асты мөлдіресін.
Азанда қалың қазақ тиіп берді,
Шығарып ұйқы-тұйқы жаудың есін.
Бірінен шошынғанда бірі адасып,
Құлады шеттерінен тыраң асып.
Қаңбақтай киіз үйі төңкерілді,
Төсектен қатын-бала тұра қашып.
Ит ұлып, азан-қазан мал шулаған,
Зілзала – жер шайқалып, көл тулаған.
Жандәрмен атқа қонып қарсы шапты,
Қалмақтар татар дәмі таусылмаған.
Өршіді өрттей қаулап қырғын-ойран,
Ажалға жүзді беріп, мыңды жойған.
Кім өліп, кім қаларын бұл айқаста
Білмейді ешкім басқа бір Құдайдан.
Соққандай құйындатып дауыл қатты,
Тулақтай кең даланың шаңын қақты.
Қан бояп ат тұяғын шашасынан,
Өзен-су қып-қызыл боп ағып жатты.
Қаптаған өлік қырдың бетін жауып,
Көрпесін қара жердің қалыңдатты.
Құл-құтан, қойшы-қолаң, қатын-қалаш,
Сағалап сай-саланы жанын бақты.
Шайқаста Қабанбайға жан батпайды,
Соғарын қай жағынан аңдатпайды.
 
«Айналып ту сыртынан тиесің!» деп,
Жұмсаған бес мың қолмен Дәулетбайды.
Олар да ұрымталдан аңдып тұрып,
Жамсатты жер қайысқан жауды ықтырып.
Тасқынын торғауыттың тұншықтырды,
Жан алып, жан беріскен ерлік қылып.
Өшерін білгендей-ақ аты мәңгі,
Жоңғардың көзінде ажал оты жанды.
Ең соңғы тұяқ серпер күшін жинап,
Тапжылмай, табан тіреп жатып алды.
Төсінде Алтай менен Сауыр-Сайқан,
Салмаған торғауыттар тегін тойтан.
Аталған өзен аты «Қандысу» деп,
Бойында қырғын өткен сол бір сойқан.
Тұра ма жауыз түбі зар қақсамай,
Тағдырдан таяқ жеді қалмақ солай.
Бүгінге сол уақыттан қалған белгі –
«Жеменей», «Күршім», «Зайсан», Майқапшағай».
Жүрегі қазақ көрсе дүрсілдеген,
Қалмақ жоқ ол күндерде күрсінбеген.
Жасады көп қарсылық арпалысып,
Батыры күжірейген Күршім деген.
Екі жақ тағы, міне, бетпе-бет кеп,
Талқандап бірін-бірі таптап өтпек:
– Қайдасың, Бөгенбай мен Қабанбай? – деп,
Күжілдеп Күршім шықты, – жекпе-жек! – деп.
Ызадан жарылардай оған қарап,
Атылып алға шықты Көкжал Барақ:
– Қабанбай, Бөгенбайдан садаға кет,
Ит қалмақ, жетемін, – деп, – саған мен-ақ!
Үндемей мұндай сәтте тұра алмады,
Қалың қол «Абылайлап!» ұрандады.
 
Күршімге Көкжал Барақ тұра ұмтылды,
Ішінен ауызға алып бір Алланы.
Айқасты найза-қылыш сақыр-сұқыр,
Аспаннан жай түскендей шатыр-шұтыр.
Ұршықтай үйіріліп жерді қазды
Тұяғы тұлпарлардың тапыр-тұпыр.
Аюдай ақырысып арпалысты,
Қақырап қолдарынан қалқан ұшты.
Қандары басқа шауып, көз қызарып,
Тарылып тыныстары, қолқа қысты.
Бір кезде Барақ батыр «Қабанбайлап!»,
Сілкінді көк найзасын тез ыңғайлап.
Астынан иегінің ұрғанында,
Сүңгіді қолқасына терең бойлап.
Қорқырап қызыл қаны ыршып аққан,
Дөңбектей дөңгеледі Күршім аттан.
Өлігін итше сүйреп алып келді,
Ізінен бұрқыратып шаң шұбатқан.
Басталды ұлы шайқас кескілескен,
Ала алмай бірін бірі көп тірескен.
Жаңғыртқан айналаны айғай-шуды
Өлгендер ғана жатты естіместен.
Сұмдықтың көрінісі сондай сұсты,
Қырылып екі жақ та баудай түсті.
Майданда мейірім деген атымен жоқ,
Аяйтын Тәңір ғана ел байғұсты.
Соғыстың баяндайсың жайын қалай,
Жасырсаң болған істі мойындамай.
Жау жағы бір мезетте басым түсіп,
Серпілді қайран ерлер кейін қарай.
 
Торғауыт топырлата қуды келіп,
Көрмеген атқан оғын құр жіберіп.
Кенеттен аттың басын қайта бұрды,
Қашқан қол желбіреген туды көріп.
Қазақтың шыдай алмай соққысына,
Қалмақтар қалжырады қатты, сірә.
Бөлінді бас сауғалап бет-бетіне,
Келгенде Маңырақтың дәп тұсына.
Жау қашты, қазақ қолы тыныстады,
Боялған қанға найза-қылыштары.
Өлігі құрбандардың жайрап жатты,
Біткендей пәнидегі жұмыстары.
Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,
Көргендер аң-таң қалды алғашында.
Байрағы қолындағы желбірейді,
Өзінің көрінбейді жан қасында.
Болмастан ойларында ешбір қауіп,
Батырлар сатырлатып келді шауып.
Күйінде ту ұстаған қатып қапты,
Өлсе де құламаған аттан ауып.
Қос жебе қатар тиіп өндіршектен,
Аққан қан омырауын кеткен жауып.
Аты да астындағы қозғалмайды,
Тізгінін тұқыртыпты ебін тауып.
Қаруы жерде жатыр саудыраған,
Екі көз жұмылмапты жаудыраған.
Төбеде туын жықпай қасқайып тұр,
Дегендей «Не қыласың енді маған?!».
Егіліп жан қалмады жыламаған,
Көргенде Қазымбетті құламаған.
Жықпаққа қазақ туын көздеп атқан
Қалмақтың сұрмергені сығалаған.
 
Күңіреніп аттан түсті ер Қабекең,
Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем.
Түбінен тудың сабын қатты қысып,
Қарысып саусақтары қалған екен.
Қолынан туын алып ел әзерге,
Тапсырды қайран ерді қара жерге.
Байрақты жас жігітке беріп тұрып,
Дарабоз былай деді қарап елге:
– Күн туар деген рас ұл туғанға,
Түсесің от пен суға жұртың барда.
Ешқашан өлмек емес ер Қазымбет,
Артында желбіреген ту тұрғанда!
Жалауын қатты соққан жел ұшырған,
Тарихта талайлардың сағы сынған.
Жығылмай тумен бірге тұрып қалған,
Қазағым, айналсаңшы арысыңнан!..

Қара Ертіс, Сауыр-Сайқан, Қотанашы,
Барқытбел, Шорға, Зайсан екі арасы –
Босады тұтас жатқан торғауыттан,
Сорайып жұртта қалған атағашы.
Кешегі қия шауып ел тонаған,
Жоңғардың күні бітті анталаған.
Жұрнағы жылай-жылай Алтай асты,
Жаяулап ертоқымын арқалаған.
Шашылып керегесі, шаңырағы,
Артына қарай-қарай аңырады.
Айырылып қатындары баласынан,
Ешкідей лағы өлген маңырады.
 
Тағдырдың кім құтылар кесімінен?
Бәрі де пенденің өз кесірінен.
Ит ұлып, бота боздап, қозы шулап,
Шырылдап сәби қалды бесігімен.
Ілбіген ілесе алмай кәрі-құртаң,
Ажалдың сығалады есігінен.
Тойынып ит пен құсы құла дүздің,
Жемтікке қарық болды қарға-құзғын.
Олжа боп дүние-мүлік, мыңғырған мал,
Талайы торға түсті сұлу қыздың.
Күн кешіп бір күн ащы, бір күн тәтті,
Ақыры жоңғар жұрты қырғын тапты.
Батырлар дүркірете қуып барып,
Алтайдан аса бере тізгін тартты...
VІІ
Өзендей көңілі тасып ұрған жарға,
Қабанбай туын тікті бір заңғарға.
Үш жүздің қалың қолын түгел жинап,
Ас берді шейіт кеткен құрбандарға.
Құжынап сан мың жасақ сайда жатты,
Табанын көкмайсаға тайғанатты.
Сойған мал, төккен сорпа қисабы жоқ,
Кілкіген судың беті май боп ақты.
Ерлігін бабалардың ел аңсайды,
Көненің көмескі ізін заман шайды.
«Майлышат» дейді халық осы күні
Алқабы ат шаптырым терең сайды.
Қазақтың жөні жүйрік сыйға қандай,
Ұстады ас тізгінін би Боранбай.
Апайтөс алпауыттар алшаңдайды,
Барқытбел бөктеріне сыймағандай.
 
Жыр төкті Ақтанберді судай тасып,
Балуандар күш сынасып күнде айқасып.
Шығарды кең жазықтың шаңын көкке,
Жүйріктер шамаларын бір байқасып.
Түспесе тіршілігі кейде есіне,
Жігітке дүниенің пайдасы не?
Мөлдіреп тұтқын қыздар қарақаттай,
Шетінен тігілді аттың бәйгесіне.
Атағы Абылайдың жерді жарып,
Айтуға құтты болсын келді халық.
Қарыны ақ түйенің ақтарылып,
Шаттанды алыс-жақын ел қуанып.
Олжаны Хан Абылай өзі бөлді,
Үш жүздің қарап тұрған көзі көрді.
Кенеттен көптің көңілін толқытқаны –
Қақ жарған Қабанбайдың сөзі болды:
– Уа, жұртым, қоныс таппай, ел қонбайды,
Атадан келе жатқан жол қалмайды.
Бір тойда екі жар жоқ баяғыдан,
Бұл жолы найман қолы олжа алмайды.
Оңына жауды жеңдік бастап Алла,
Анамыз жеген емес босқа қалжа.
Киелі бабамыздың басы жатқан,
Жоқ бізге атажұрттан асқан олжа!
Кеткенде атамекен жат қолына,
Қанды жас көзімізден ақпады ма?!
Көруге көне жұртты қайта жазған,
Тәңірдің разымыз тоқтамына.
Алдымен тиер болсын мол қазына,
Ұлы жүз, Кіші жүздің сарбазына.
Орта жүз, жаудан қайтқан жер сенікі,
Қалмайық алыстағы ел назына.
 
Тұлпары астындағы тұлданғасын,
Тіріден дәметеді кім болмасын.
Бөлінсін ине-сабақ жіпке дейін,
Қаралы әр шаңырақ құр қалмасын.
Тұрғыдан табылмаса тұрқы бірге,
Ерлердің арқа сүйер жұрты кімге?
Біріміз ұран салып атқа қонсақ,
Болайық иісі қазақ ту түбінде!
Қашанда болған емес қырғын оңай,
Мың тәуба! Аман қалды ту құламай.
Туған ел ту түбінде тулап өлген
Ұмытар Қазымбеттей ұлды қалай?!
Қайран ер амал тапсын басқа қандай,
Соққанда ажал атты тасқа маңдай?
Өлсе де туын қолдан түсірмеді,
Желімдеп ертоқымға тастағандай.
Біріңе қысылғанда – бірің қорған,
Қазағым, қисаймасын туың қолдан!
Ұшпасын үш қайтара күн туса да,
Басыңа бақыт құсың бүгін қонған!
Қалың жұрт сермегендей шыңға қанат,
Таудағы тағзым етті туға қарап.
Байраққа бата беріп тарап жатты,
Арттағы амандығы ұлға – аманат!..
VІІІ
Айбынды ту көтеріп, тұлпар мінген,
Бабалар ерлігіне іңкәрмін мен.
Тайған соң бастан бақыт, төрден – тақыт,
Бетпе-бет келдік талай сұм тағдырмен.
Кең дала қасіреттен тұрды аңырап,
Халықтың көкірегі құр қаңырап.
 
Байрағы Бостандықтың көзден тайды,
Басымен Хан Кененің бірге құлап.
Ту үшін қан төгістік, кескілестік,
Көрмеген сұмдық көрдік ешкім естіп.
Тар бұғау желкемізді қиғаннан соң,
Әйтеуір еріксізден көшке ілестік.
Кеудесін атқан оққа төсеп өлген,
Алаштың туы қайда кеше көрген?
Жарқырап Тәуелсіздік таңы атпаса,
Өктемдік бізге қашан есе берген?
Көздеумен шауып шығар көктөбені,
Әркімнің өз тұлпары ерттегені.
Қиылған қыршындардың Желтоқсанда
Елесі түн ұйқымды төрт бөледі.
Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген,
Қашанда қиянаттан қазақ өлген.
Көк тудың қасиетті киесі атар,
Сабынан ұстамасақ таза қолмен!
Жығылмас ешқашан да елі жарға,
Алдында ту ұстайтын Ері барда!
Көтеріп алып Байрақ қазақ отыр,
Тілегін аңсап күткен беріп Алла!
Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,
Өмірде еш нәрсе жоқ Тудан биік!
Күн туса ел басына Туды қорғап,
Өледі Қазымбеттей кім жан қиып?!
Бола ма ата салтын ұмытуға,
Тағзым ет, бауырларым, ұлы Туға!
Шуағы сұм өмірден шындық таппай,
Мұздаған жүрегімді жылытуда!..
Әумин!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу