Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  68


Автор: Динара Мәлік

Жанарым ғой жасқанып төгер сырын...

Жанарым ғой жасқанып төгер сырын,
Көп екен ғой әлі де көрер сыным.
Мен жақтың сағаттары жылжымайды,
Сен жақтың күні қалай көгершінім?
Жас болып, жалғыз үміт жаншылады,
Бұл тірлік, бір тағдырды жаусынады.
Сен жақтың түнін қайтем, ал, өзімнің,
Құшағымда қара түн таусылады.
Сен жақтың күнін қайтем күлімдеген,
Хат жазып, хал сұрадың бүгін менен...
Өмірді сүріп жүрмін сен білмейтін,
Сағыныш пәктігім бар бүлінбеген.
Сен жақтың тауын қайтем мұнарлаған,
Қасиет боп сөйлейді Құран-далам.
Сен жайлы айтылмаған әңгімелер,
Жазылатын өлеңдер сыңар маған.
Мендегі сыр ғана ма сыңар болған,
Қосылмас тағдырыңа құмар болған.
Ұяң саған ұшуды үйретті де,
Қиял сені, самғатып қыран қылған.
Сен солай қырандарға ұқсағасын,
Аспанның тілегінен күш табасың.
Әдемі өмірім боп көз көрмейтін,
Тап-таза түс ішінде басталасың..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу