Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  102


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Ібілістің айласы

І
Азғындыққа толып қала, толып қыр,
Бұл - Әлемдік кері кету болып тұр.
Санамызда іріп-шіру басталды,
О, Құдайым, адамзатқа соны ұқтыр...
Адам-Ата тамырымен қаны аққан,
Ең алғашқы күні екен, таңы атқан.
Миға қанша ақыл беру керегін,
Көп ойланып отырыпты Жаратқан.
Бар әбзелін топырақтан құрапты,
Жан кіргізіп, тәнін нұрмен сылапты.
Адамзатқа қанша ақыл берсем деп,
Жанындағы Ібілістен сұрапты.
Адамды ол тұрған еді қызғанып,
Қызғаныштан тіл қатыпты сызданып.
–Топырақтан туған мұның несі артық?
Оттан туған, ескерусіз біз қалып!
Кіндігін де періштелер кесіпті,
–Өзіңізден айнымайды,- десіпті.
Адамды олар ұқсатқан соң құдайға,
Жын анасы одан сайын өшікті.
Өшікті де бір қулыққа көшіпті,
Зұлымдықтың қыл-тұзағын есіпті.
–Өзіңізден бір саты кем ақыл бер,
Адамзатқа сол лайық! – десіпті.
Оған Жындар қарсыласа кетеді:
–Онда, Адам бізге билік етеді...
–Шуламаңдар! – депті Ібіліс,
Адамның, өз ақылы, өз түбіне жетеді...
Осы сөзде бір зымиян ой жатыр,
Ой түбінде құрған тұзақ-айла тұр.
Ядролық қару – ақыл жемісі –
Тіршілікті отқа орап, айда-қыр!
Ақылдың көп, азабы да, пайдасы,
Арам ойдың түп-төркінін ойлашы.
Отты қару дами-дами, түбіңе,
Бір жетеді, – дейді Ібіліс айласы.
«Біз емеспіз санасы бар әлем тек» –
деген сөзге отырамыз елеңдеп.
Бізге дейін Өркениет болғанын,
Басқа емес, ғылым отыр дәлелдеп.
Сол пенделер біз секілді дамыпты,
Ғарышқа да, алысқа да барыпты.
Өз-өзінен отқа оранып ақыры,
Тіршіліктен айырылып қалыпты...
Көремін деп дүниенің пайдасын,
Жүрген кезде,
Қанағат сен қайдасың?
Есімізден шығармаған жөн болар,
Ібілістің бізге құрған айласын.
ІІ
Шала жатыр күл түбінде сөнбеген,
Сөнбегені – үміт әлі өлмеген.
Қала жатыр дерті асқынып, меңдеген,
Дала жатыр мейірімге шөлдеген.
Улануда ағзамыз да, санамыз,
Мүгедек боп туылуда баламыз.
Аламанда алаөкпе боп далақтап,
Осы біздер қайда кетіп барамыз?!
Өркениет, өрің қандай шығатын?
Жолың қандай, белді бекем буатын?
Бәсекеге бас тігетін боп алдық,
Нәтижесін ұрпақ болса ұғатын.
Жүруші едік өрмек тоқып, жіп есіп,
Жүрміз қазір, уақытпен күресіп.
Ғарышқа өтті адамзаттың ақылы,
Жарық жылдамдығыменен ілесіп.
Ілескенің, күрескенің керек-ақ,
Гүлдемеді санамызда неге бақ?!
Зиянкестер кеміреді тағдырды,
дегендей боп, тамырына шеге қақ!
Алла берген санаулы өмір көп пе еді?
Адам өзін-өзі неге шектеді?
Неге сонша бола тұрып ақылды,
Өркениет санасына жетпеді?!
Ата-бабам салған сүрлеу ізбенен,
Жүрсек неден кем боламыз біз деген?!
Алдыменен Өркениет маңызын,
Дұрыс шығар, санамыздан іздеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу