Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  114


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Жүрегім - мәңгі жас

Уақыт, едім ғой қонағың,
неліктен осыншы тонадың?
Бәрінен біртіндеп айрылып,
ақырын кәртейіп барамын.
Толтырып алдымен санасын,
орнына бірдеңе аласың.
Тапсын деп таулармен жарасым,
ұрладың шашымның қарасын.
Көңілім әр неге алаң-ды,
жаза алмай жүректе жарамды.
Салмағын білсін деп өмірдің,
әкеттің әкем мен анамды.
Бекісін дегендей қамалы,
шын тәубе – беріпсің сананы.
Орнына, ойнақтап бір жүрген,
достарым азайып барады.
Алсаң да еркіңде барлығын,
жоқ саған Уақыт – жаулығым.
Біртіндеп-біртіндеп, өзіңе,
қолды боп кетті денсаулығым.
Жан едім кезінде нар тұлға,
сұлумен арамыз салқын ба?
Мал емес, сөз жиып келемін,
ұрпағым ұқсын деп артымда.
Ілесіп алдамшы жарқылға,
ақыным, сабыр ет, алқынба –
дегендей кеудемде тулайды,
жүрегім мәңгі жас қалпында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу