Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  101


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Ауыз болған соң айтамыз кейде күпірлік...

Ауыз болған соң айтамыз кейде күпірлік,
Жалғай гөр алла күнімді-күнге үтір ғып.
Білемін, білем, сәт келер нүкте қойылар,
Әзірше міне осы бергеніңе шүкірлік.
Сана беріпсің сараптап көр деп өмірді,
Не сезді пендең, фәни жалғаннан не білді?
Бұлт үйіріліп торлады неге көгіңді?
Қан аралас көз жасы неге төгілді?
Бір-бірімізге неліктен қару кезендік?
(Сана беріпсің дегенмен соны сезерлік).
Шығара көрме у құйған әсем көзеңді,
У емес, ерін игілікті аңсап кезерді.
Жаратқан Ием, игілік нұрын төге көр,
Көз жасы емес, тер төксе жер де көгерер.
Пендеңнің ойы, һәм ниеті тазарып,
Көбейе түссін сүт құйған әсем көзелер.
Сағынып, аңсап шөлдесін көңіл шөлдесе,
Өмірге деген үміт шырағың сөнбесе,
Бірімізді-біріміз демеп, селбесе,
Игілік жолында бір болайық ендеше.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу