Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  116


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Бойымда алаулаған жалын барда...

Бойымда алаулаған жалын барда,
Ғашық болдым айқабақ аруларға.
Күтіп алып ұйқысыз таңымды алда,
Қайтушы едім оралып сағымдарға.
Қуат алып сол күндер, сол түндерден,
Көктегі айдың ұшына бөркімді ілгем.
Қандай ғажып... жүруші ем аруларға,
Басы бүтін ұсынып еркімді мен.
Тоқта уақыт, азырақ дамылдашы,
Тілегімді бір сәтке қабылдашы.
Сол сәтімді қайтарып бір-ақ күнге,
Содан кейін, қаласаң, жанымды алшы.
Ей уақыт, осыған көнесің бе?
Жастық дәурен оралып келесің бе?
Махаббаттың тербелген кемесінде,
Ләззәт түнін қайтарып бересің бе?!
Айқабақ арулармен аймаласып,
Жүретін қайран ақын, қайран жастық!
Махаббаттың кемесін, Аргонавтай,
Жағалауда қалыпты-ау, қайраң басып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу