Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  101


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Жымысқы жылым басқа, есер басқа...

Жымысқы жылым басқа, есер басқа,
Тоқтайды басы тисе есер тасқа.
Жымысқы жылым тартып тереңіне,
Қасірет әкеледі қара басқа.
Қасқайып қара тер боп болдырмайды,
Алыстан алдарқатып қол бұлғайды.
Алданып сонысына жақындасаң,
Орайы келген сәтте оңдырмайды.
Қулардан құты қашып сескенеді,
Көкейін босбелбеулер тескен еді.
Сөйлесе көмекейі көрінетін,
Аңқылдақ аңқауларға өш келеді.
Жүргенде пешенеңе бақ дарымай,
Сұмды-сұм, қуды-қудың тапқанын-ай...
Бір түссең құсауынан шығармайтын,
Жымысқы жылымдардан сақта құдай!
Жылым- өзен мен көлдің қыста қатпай
қабыршықтанып жататын терең иірімі.
Соған алданған адам да, мал да беті қатты
екен деп жылымның құрбаны болады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу