Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  113


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Мәніс кетер тілден де, нақылдан да...

Мәніс кетер тілден де, нақылдан да,
Қыжыр қабақ жаратпай отырғанда.
Соны ұққан қонақ та қожырайды,
Орталанған тұсында ақыл-қамба.
Не деріңді біле алмай, не жеріңді,
Өртегендей өкініш өзегіңді.
Көк езудің аузына қарауменен,
Күте-күте шаршайсың кезегіңді.
Үйренбеген бәлсіну, бұлдануды,
Кім сезеді іштегі мұңды арынды.
Жарылуға шақ қалып, амалсыздан,
Ар-иманға ілініп тұрғаныңды.
Көнбіс көңіл елпілдеп, ебелектеп,
Отырғанда бас шұлғып, бүгелектеп.
«Қыжыр қабақ» сөйлесе қиястанып,
Қол соғады ел, орнынан түрегеп кеп.
Сіздікі жөн, дұрыс деп дуылдайды,
(Жөн, терісін өздері ұғынбайды).
Көп дегенің осындай – бастап берсең,
Паравоздай арқырап, бұрылмайды.
Ежелден-ақ осы ғой көп дегенің,
Жетегімен талайдың кеткен едің.
Қыжырын да, қырсығын көре жүріп,
Сол көппенен өмірді өткеремін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу