Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  157


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Арқас батыр айдаһарға келеді...

Арқас батыр айдаһарға келеді,
Жал-жал болып жатқан алып төбе еді.
Айлық жерден жақындатпай жанына,
Ауызынан зәрлі жалын төгеді.
Сұр тұлпар да қолдан бермей намысты,
Қасқайып кеп қарсы жүріп, қарысты.
Айдаһармен батыр ұзақ алысты,
Тастар борап, алай-дүлей шаң ұшты.
Жазық жерге тас бораннан тау тұрды,
Көрді халық таудан ұшқан жарқылды.
Арпалыспен күн мен түнді айырмай,
Алты айдан соң айдаһар да алқынды.
Сақтай гөр деп бұл бәледен жанымды,
Берейін деп астымдағы тағымды.
Азу тісі алты қарыс айдаһар,
Жәдігөйді шақырып ап жалынды.
Жадылықпен қарт кейпіне кіреді,
Жүрегі де, тілегі де кір еді.
Түйе мініп арып-ашқан бейнеде,
Аружанның ауылына жүреді.
Қартты аяп қыз,
қымыз берді күлімдеп,
Жәдігөй шал, «өзің де іш күнім» деп.
Байқатпай, көз ала беріп, у салып,
Қызға ұсынды екі қолы дірілдеп.
Үлкен сыйлып үйренген қыз,
қайтармай,
ішіп салды, ішпеймін деп айта алмай.
Ойға алғаны орындалған жәдігөй,
Бара жатты бездең қағып, қайқаңдай...
Кенет Арқас қара терге малынып,
Әлсіреді екі өкпесі тарылып.
Дұға қылды қолдай гөр деп балаңды,
Қолдаушы Пір бабасына жалынып.
Пірі келіп қолтығынан демеді,
Айбатты ердің қысылғанын көреді.
Тіле деді: «Шын жүректен тілесең,
Тәңірім саған бір тілегің береді».
Арқас айтты: Тілеуім ақ жол деді,
Бердің баба тілегімді мол деді.
Аман болсын туған елім, аймағым,
Аман болсын аққу қонар көл деді.
Жүре алмаймын қара басты қорғалып,
Елдің жасы ақпау үшін сорғалап,
Шың-құзымен көк аспанды тіреген,
Айдаһар да өте алмайтын жорғалап,
Тауға айналсам, елім арқа сүйейтін,
Қолда Пірім, бар тілегім сол болад!
– Туғаныңнан сенің ыстық жүрегің,
Қараорманым деп соққанын білемін.
Ал, ендеше, әумин!- дейді қол жайып –
Қабыл болсын арысым бұл телегің!
Арқас солай тауға айналып кетіпті,
Шың-құзымен жаудың жолын бекітті.
Ел-жұртына арқа сүйер қорған боп,
Есіл ерім, арманына жетіпті.
Еш алаңсыз өмір сүрген, ерікті,
Арқас таудай ерлеріне ел сеніпті.
Айдаһар да шың басынан құлдилап,
Найзатасқа шаншылып қап өліпті.
Туған жердің қуанышын ән ғылып,
Айтар болсаң, қосыла айтып,
жаңғырып,
Арқас таудың тізесіне бас қойып,
Аружан да ұйықтап кеткен мәңгілік.
Тау басынан көлбей ұшқан
сағым-мұң,
Менің-дағы жүрегімнен табылдың.
Арқас тауы отырғандай аялап,
Еппен ғана, ұйықтап кеткен аруын.
Ақын отыр тау басында шын жылап,
Жанын қинап, жауабы жоқ мың сұрақ...
Арудың көз жасындай боп Арқастан,
Жеті арасан ағып жатыр сылдырап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу