Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  130


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Айыратын ерді жақын туыстан...

Айыратын ерді жақын туыстан,
Ақырғанда аузынан от-жын ұшқан,
Езуінен ажал уы тамшылап,
Бір айдаһар бас көтерді шығыстан.
Осы емес пе жұрттың құты қашқаны –
Қарт бабаны жұртына ұмыт тастады.
Айдаһарға азық болмау үшін де,
Ойлағаны болды жалғыз бас қамы.
Қорқынышты үн елдің құтын қашырды,
Ауызынан атылған от-жасын-ды.
Құйрығымен іліп алып допша атты,
Үйдей-үйдей, зілдей қара тасыңды.
Арқас ердің қайнатты бұл намысын,
«Туғаным жоқ қара бастың қамы үшін.
Кеудемізге өлшеп берген Тәңірім,
Намысымды таптатпаймын жан үшін!»
Деді-дағы, тұлпарына мінеді,
Жаудан қайтып көрмеген-ді жүрегі.
Ер қаруы – бес қаруын асынып,
Қорамсасын иығына іледі.
Жасағандай дұшпанына ерегес,
Ердің жолын ештеңе де бөгемес.
«Сенен қорқып бұғып қалар мен емес,
Мені жолдан тайдыратын сен емес!
Жердің құрты, қайдасың?» деп ақырды,
Ер еді ол батыл әрі ақылды.
Елім үшін жаным құрбан қашанда,
Жебей гөр деп Пір бабасын шақырды.
Жебей гөр деп жасын төкті анасы,
Жебей гөр деп тұрды салқам даласы.
Боз қасқасын шалып құдай жолына,
«Сақтай гөр!» деп бата берді бабасы.
Сұржорғадан туған құлын – Сұр аты,
Айдаһардан кем емес-ті қуаты.
Жолға шықты «иә, Пірім қолда!» деп,
Елді қорғап қалу болып мұраты.
Жау ішінде бір жәдігөй жүретін,
Көрінгенге ыржалаңдап күлетін.
Есерсоқтау біреу болып көрініп,
Ел ішінде не жатқанын білетін.
Арқас батыр атқа мінді дегенді,
Естігенде, естен танып бөгелді.
Өнбойынан әлі кетіп, қалшылдап,
Астындағы түйені енді шөгерді.
Тоқтап қалған секілденіп жүрегі,
Сұп-сұр болып, құты қашқан түр-өңі.
Жындарына ыржалаңдап күледі,
Қара суды қанжарымен тіледі.
Арқас ердің қуатының бастауы,
Аружандай аруда деп біледі,
Мәз болады орындалып тілегі.
Кәсіп қылған жәдігөйлік жадуды,
Мақсат етті қызды іздеп табуды.
Жолаушы боп кезіп жүріп ауылды,
Көріп қалды тым келбетті аруды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу