Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  82


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Сені іздедім желден де, сағымнан да...

Сені іздедім желден де, сағымнан да,
Сені іздедім шөлден де, тауымнан да,
Бір көргеннен жүрегім көбелек боп,
Жүрегіңнің отына қарылғанда.
Күн көрмесем, сағынып, аласұрып,
Жүйіріктей байлаған таңасырып.
Сенің ғана жаныңнан бұл әлемде,
Табушы едім бір керім жарасымдық.
Ұрындырмай тағдырдың талқысына,
Араша боп адалдық, ар құсына.
О, Жаратқан, өзіңе ризамын,
Жолықтырған жанымның жартысына.
Екі жарты бірігіп, бүтін болдық,
Шаңырақтан тік ұшқан түтін болдық.
Жарты нанды келеміз бөліп жеумен,
Бермесе де ырызғы бүтін, мол ғып.
Тәбе дедік Алланың сонысына,
Бірге жетсек болды деп жол ұшына.
«Кедей – жомарт» дегенді қайдан білсін,
Төгілгендер байлығы қонышына.
Тұрмысымды сен барда жүдеу демен,
Жолымызды аштық біз күреуменен.
Әр таңымды күлімдеп қарсы аламын,
Ұрпағыма ұлағат тілеуменен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу