Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  120


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

Деуші едім қызғын топсыз тұра алмаймын...

Деуші едім қызғын топсыз тұра алмаймын,
Ал, енді оған мойын бұра алмаймын.
Уақыт атты мергеннің жебесінен,
Өлімші жараланған құландаймын.
Ала алмай ханбазардан қалағанын,
Қайтқан жандай кетпейді санадан мұң.
Түйсіксіздер түрткілеп одан-бұдан,
Жаныма тағы жамау жамап алдым.
Содан қазір жүрегім қырық құрау,
Жауабы жоқ көңілде қырық сұрау.
Қол жетпейтін биліктің қақпасында,
Ашылмайтын тот басқан құлып тұр-ау.
Айналамда өзімдей қара халық,
Жазылмайтын жанына жара салып.
Қалағанын табам ба деген үміт,
Алды-артына қаратпай барады алып.
Ортасында солардың кетіп барам,
Межесіне қай құлан жетіпті аман?
Құшағыңа алғайсың жетіміңді,
Кем-кетіктің сырына жетік далам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу