Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  118


Автор: Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

... Ұрпағым соны сезінсін...

... Ұрпағым соны сезінсін.
Асқаралы тауыңа,
Айдын көл, аймақ бауыңа,
Бұлтпен ұшып бақ келген.
Пірлері қолдап қолтықтан,
Баянды етіп нақ берген.
Тоғыз қабат торқа мен,
Кіреуке кисе шақ келген.
Дұшпаны найза кезенсе,
Күлікке мініп тап берген.
Алтын сапты алдаспан,
Айдаһарды да қақ бөлген.
Еңсегей бойлы Ер едік,
Біріміз мыңға тең едік.
Ордалы дұшпан төріне,
Еңкеймей шығам дер едік.
Құлан жортқан боз далам,
Жылан уы да ем болған,
Атадан қалған өз далам.
Іштегі шерді толқытып,
Қобыз үнімен қозғаған.
Қозғаса қоздай маздаған.
Домбыра тартса асқақ жыр,
Рухы асқақ оянып,
Жапырып кете жаздаған!
Қайыспас нардай қазақпыз,
Шибөрідей көп емес,
Қыран тұқымды аз-ақпыз.
Алтын асықтай Өренім,
Біліп өс шежіре дерегін.
Асу да асу бел едім,
Қызылқұм, Нарын шөлі едім.
Атырау, Алтай, Тянь-Шань,
Жетісу-жерұйық жері едім.
Дұшпан ниетті пендеге,
Асу бермес Өр едім.
Дос ниетпен келгенге,
Мәелі, жұпар төр едім.
Ұрпағым соны сезінсін,
Тамырда қаның – өзімсің.
Айбын-сұсыңа шыдамай,
Жауларың жаннан безінсін!
Біліммен терең нәрленген,
Ақыл нұрымен әрленген,
Естілсін еркін сөзің шын.
Тоқсанда әкең – Аталық,
Сексенде шешең – Аналық,
Уайымсыз тыныстап,
Ертеңін күтіп көз ілсін.
Сенерім еш күмәнсіз,
Ұлағатты ұрпақ – Өзіңсің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу